Шымкенттегі он мыңға жуық халық лас су ішіп отыр. Қалаға қарайтын Испиджаб ауылының тұрғындары лайланып ағатын судың ішінде құрт-құмырсқаға дейін бар дейді. Ауылға осыдан 12 жыл бұрын ауыз су жүйесі тартылған. Бірақ халық әлі күнге таза суға жарымай отыр. Ал жол жөндейміз деген техникалар жер астындағы құбырларды сындырып, телефон сымдарып үзіп кеткен. «Қазір ауылда не жол, не су, не интернет жоқ»,- дейді тұрғындар.
Күн бойына осылай шүмекті қайта-қайта бұрып ашып көрмесе, келесі тәулікке шейін сусыз қалады. Оның өзі де кеңестік жүйе кезінде тартылған ескі құбырдың суы. Күніне 2-3 сағат әрең ағады. Мұндайда отбасы істеп жатқан тірлігін қоя салып, ыдыстарын суға толтырып алуға тырысады. Әр жұтымының өзі ауыр бейнетпен келгендіктен суды мейілінше үнемдеп тұтынуға мәжбүр.
Мехринисо Юнусметова, ауыл тұрғыны:
Шелектерге толтырамыз. Онымен су жетпейді. Кір жуатын болсаң мүлдем. Су тасылатын болса көршілерге шығамыз шелек көтеріп.
Испиджабтағы он мыңға тарта халықтың күндегі тіршілігі осы. Ауылға жаңадан құбыр жүргізгені болмаса, жұрттың арман еткен тұщы суы келмей-ақ қойды. Ал қазіргі өзек жалғап отырған сулары лас. Айтуларынша, лайланып ағады.
Раушанбек Шамшиметов, ауыл тұрғыны:
Судың өзі сапасыз, лай болып келеді. Ішінде құрттар жүр.
Ауылға су құбырын тарту жұмысы 2007 жылы басталған. Ол кезде Испиджаб Сайрам ауданына қарайтын. Мердігер компанияның ісі шала боп, басшысы сотталып кетті. Тірлік тоқтап қалды. Осыдан 4 жыл бұрын Шымкент қаласы әкімдігі иесіз қалған нысанды өз меншіктеріне қабылдап алуға мәжбүр болды. Қыруар қаржыға салынған су жүйесінің құрылысын аяқтауға 700 миллион теңге тағы бөлінді.
Нұрлан Жаманкөзов, Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:
3-5 жыл болған құбырларға ревизия жасап жатыр. Соған смета жасап, кішігірім қаражатпен соны қосуға әрекет жасаймыз.
Суға жарымаған испиджаптықтар енді тратуармен жүруден қалды. Ауыл ішіндегі жолды жөндеген кезде қаз қатар телфон бағаналары жаяу жүргіншілер жолағының ортасында қалып қойды. Ұзындығы 6 шақырым жолдың бойында осындай 56 ағаш бағана бар.
Өмірәлі Эшмат, ауыл тұрғыны:
Мынамен адам қалай жүреді? Аттап бассаң, бағанаға соғысасың. Жол салатын техникалар телефон сымдарын да үзіп тастады. Ауылда байланыс та, интернет те жоқ қазір.
Мердігер мекеме бағаналардың орнын ауыстыру туралы «Қазақтелеком» мекемесімен келісімі бар екенін айтқанмен, оны қашан істеп бітететін нақтылап айта алмады. Құрылысқа тапсырыс берген Түркістан облыстық автомобиль жолдары басқармасы да әзірге мердігердің бұл ісіне көз жұма қарап отыр.
Ғани ҚАЛМАХАН