Түркістанда зейнетке шыққан әжелер волейбол ойнап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда зейнетке шыққан әжелер волейбол ойнап жүр

01.10.2019

Түркістанда зейнетке шыққан әжелер команда жасақтап, спорт алаңдарында волейбол ойнап жүр. Допты алақынында ұршықша иірген жетісайлық апалардың ересегі 78 жаста. Ал ең жасының өзі 63-ті енді иектеген. Соған қарамастан, олар күнделікті жаттығу жасап, үлкен алаңдарда жылына бірнеше мәрте өзара жолдастық кездесу өткізеді.

Қалдыгүл Мұратова «Гүлдер» командасының капитаны. Жасы биыл 63-ке келді. 8 баланың анасы. Волейболды он жасынан бері ойнап келеді. Бастауыш сынып мұлғалімі болып зейнетке шыққан. Допты ойынға қосу, тосып алу, шабуылдау, еңкею, секіру. Ең бастысы, қарсы жақтан ұшып келе жатқан доптың бағытын жылдам бағдарлау. Волейболшыға аса қажет осындай айла тәсілдерді үйрену үшін әжелер оның жетекішілігімен үнемі акробатикалық жаттығулар жасап тұрады.

Қалдыгүл Мұратова, Команда капитаны:

Күнде кешкісін сағат 8-ден кейін командамды жиып алып, барлығымыз дайындаламыз. Бірінші жаттығамыз. Содан соң, дене қыздырып алған соң, волейболға кірісеміз. Сол дайындықтың арқасында ауданда, облыста бірінші орынды берейміз.

Аудандық деңгейдегі жарыстарға ұдайы қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген зейнеткерге волейбол командасын жасақтау оңай болған жоқ. Әжелер алқасы төрайымымен ауыл ауылды аралап, апаларды ойынға тартты. Үгіттеді. Өзі құралпы Дүниезада әженің де команда сапына қосылғанына 5 жылға таяды. Содан бері ешбір ойыннан қалған емес.

Дүниезада Әліпбаева, волейболшы:

Ойыннан соң ерекше сезім пайда болады. Денеміз жадырап, шаттанып, содан өті бер сергектік пайда болады. Осы жасқа келсек те спорт әлемінде бар болағынымызға, командаммен әлі де өзімізді жас болып сезініп жүргеніме қуанамын.

Жетісай ауданында бүгінгі таңда әжелерден жасақталған үш команда бар. «Гүлдер», «Жігер», «Жауһазын» деп аталады. Әжелер жылына бірнеше мәрте өзара кездесіп, сайысқа түседі. Наурыз мейрамы, Қартар күні, Алғыс айту секілді атаулы күндерде көпшілік әжелердің ойынын тамашалайды. Мұндайда ойын аса тартысты бола түседі.

Айжамал Қоңырбаева, Жетісай ауданы әжелер алқасының төрайымы:

«Тәні саудың жаны сау» деп, спорт бізді біріктіреді. Денсауылықтың кепілі деп, жастарға үлгі өнеге болады деп, осы күнге дейін қатарымыз көбейіп келе жатыр.

Әжелер алқасы енді волейбол командаларының сапын көбейтпекші. Ол үшін ауыл-ауылды аралап, құрамаға құрдастарын тартуды да көздеп отыр. Жалпы, Жетісайда әжелердің волейбол командасы 2013 жылы құрылған. Оған 63 пен 80 жастың аралығында 70-ке тарта адам мүше.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу