Төле би ауданында тұратын Иманқұловтар отбасы қияр өсіріп, содан көл көсір пайда тауып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төле би ауданында тұратын Иманқұловтар отбасы қияр өсіріп, содан көл көсір пайда тауып отыр

27.09.2019

Еңбектенген жан қай кезде де табысқа кенеледі. Түркістан облысының Төле би ауданында тұратын Иманқұловтар отбасы үй іргелік жеріне қияр өсіріп, содан көл көсір пайда тауып отыр. Көп балалы әрі еңбекқор шаңырақ таулы аймақта тұрғанына қарамастан, көктемнен қара күзге дейін екі рет бақша егеді. Жиып алған өнімін шыны банкілерге консервілеп, ауылдастары мен қала тұрғындарына сатады. Биыл осындай тынымсыз еңбектің арқасында олар алақандай жерден 25 тонна қияр жинаған.

Ерлі-зайыпты Сазанбай мен Нұржамал қазір екінші рет егілген қиярдың өнімін жиып алуға кірісті. Күніне 350-400 киллиограмға дейін қияр үзіп алады. Отағасы ауылдағы клубта мәдениет қызметкері, ал әйелі- кітапханашы. Таңертең жұмысқа барғанға дейін өнімді базарға апарып пұлдап, қалғанын банкіге консервілеп үлгереді.

Нұржамал Амангелдиева, көпбалалы ана:

Консервілеу маусымы басталған кезде біздің өнімдерді үйден алып кетеді. Осы төңіректегі 6-7 ауыл оркург бойынша, тіпті Шымкенттен келіп жатады. Тағы бірнеше мейрамхана қыстық қор үшін бізден алады. Мен оларға 800 банка жауып өткізіп қойдым.

Бұл кәсіпті отбасындағы барлық жан жабылып атқарады. Отбасындағы 5 перзенттің үлкені үйленген. Одан тараған немерелердің өзі ата-әжесіне қолғабыс жасайды. Суын тасып береді. Отын әкеледі. Қазанға от жағады. Отағасы Сазанбайдың өзі банкінің аузын бұрап жауып беруді өз міндетіне алған.

Сазанбай Иманқұлов, ауыл тұрғыны:

Таңғы сағат 5-те тұрамыз. 9-ға дейін жұмыс істеп кетеміз. Түсте тағы да үзілісті пайдаланып, шөптерін жұламыз. Кешке жұмыстан соң қас қарайғанша шөбін жұлып күтіп баптаймыз.

Отбасының бұл кәсіппен айналысқанына сегізінші жыл. Аудан әкімдігі Нұржамалдың бұл ісін көпке үлгі етіп, жуырда аймақтағы қыз- келіншектерге семинар кеңес өткізді. Тәжірибесін үйретті.

Нұржамал Амангелдиева, көпбалалы ана:

Адам өзі қандай ниетте болса, сондай нәтиже болады ғой. Біз бейнеттеніп жатқан соң, осы уақытқа дейін беріп жатыр. Біз біреуден ақша сұрап, алақан жайған емеспіз. Балаларды да соған тәрбиелеймін. Дені сау бола тұра алақан жайып өзіңді мүгедек санаудың қанша қажеті бар?

Тұрақты кәсіп- берекелі нәсіп. Ал сол несібе қай кезде де адал еңбек және қажырлы қайраттың арқасында келеді. Тынымсыз тірлік пен ынта ықылас көп балалы отбасының шаңырағын нұрландырып, мұратына жеткізіп отыр.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу