Министрлер үйі маңында шу шығарған көп балалы аналардың әрекеті – заңсыздық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Министрлер үйі маңында шу шығарған көп балалы аналардың әрекеті – заңсыздық

19.09.2019

Кеше кешке Министрлер үйі маңында шу шығарып, көшедегі көлік қозғалысына кедергі келтірмек болған көп балалы аналардың әрекеті – заңсыздық. Бүгін осы мәселеге қатысты арнайы брифинг өткізген Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы осылай деді. Талғат Рахманбердінің сөзінше, митингке шыққан әйелдер ешкімнен рұқсат сұрамауы және еш кезексіз үй беруді талап етуі – заңға қайшы әрекет.

Бұл – кеше кешке болған оқиға. Көпірдің үстіне шыққан әйел секірем деп сес көрсетеді. Абырой болғанда, полицейлер оны құлаудан құтқарып қалды.

Кейіннен бір топ әйел, көшедегі көлік қозғалысына кедергі келтірмек болады. Бұл – көп балалы аналар еді. Талабы – баспана. Бірақ үй кезегіне тұрмаған, митингке шығуға рұқсат сұрамаған.

Талғат Рахманберді, Қалалық қоғамдық даму басқармасының басшысы: 

Аталған тұлғаларға жергілікті атқарушы органдардан ешқандай рұқсат берілмеген. Соған қарамастан, көп балалы аналардың жекелеген құрамдары осындай митингтер арқылы өздерінің жеке басының мүддесін, жеке сұрақтарын шешу жолдарын жүргізіп жатыр бүгінгі таңда, ол толығымен заңсыз болып есептеледі.

Талғат Рахманбердінің сөзінше, баспана алудың оңай жолы – бұл емес. Ол заң аясында жүзеге асады. Яғни кезекке тұру қажет. Соңғы мәліметке сүйенсек, қазіргі күні елордада баспана кезегінде 47 мың адам тұр. Сондай-ақ, қалалық әкімдік әлеуметтің әлеуетін көтеру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Атап айтар болсақ, арендалық үйлер салу, АӘК алудың мәселелерін шешу, жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясы және 70 түрлі қызмет түрін ұсынатын «Жанұя» отбасы институтын қолдайтын орталық сияқты шаралар жасалып жатыр.


Хабарламаларға жазылу