Алтай Көлгінов баспана талап еткен көпбалалы аналар туралы: Үй кезекпен беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алтай Көлгінов баспана талап еткен көпбалалы аналар туралы: Үй кезекпен беріледі

20.09.2019

Ал бір топ көп балалы ана тағы да баспана беруді талап етті. Олар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына жиналған. Наразы топтың талабына қатысты билік өкілдерінің айтуынша, көп балалы аналардың бұл әрекеті заңсыз. Мемлекет баспана мәселесін шешудің бірнеше жолын ұсынып отыр. Сондықтан пәтер осы бағдарламалар аясында ғана беріледі. 

Қит етсе байбалам салып, бас көтеруді әйелдер әдетке айналдырғандай. Кеше біреуі секірем деп сес көрсетті. Бүгін тағы бір тобы Министрлер үйінің алдында шу шығарды. 

Көп балалы аналардың ашуы адуынды. Билікпен ымыраға келу былай тұрсын, тіпті, бір-бірін тыңдамай айқайға басып жатқанын мына бейнекадрлар айғақтайды. Талабы баяғы сол – баспана. Еш себепсіз, еш кезексіз үй алу.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

Бұл — заңсыз. Біз ол кісілермен әлі де кездесеміз. «Жанұя» орталығына шақырамыз. Өте мұқтаж адамдарға демеушілермен көмектесіп жатырмыз. Ал үйді кезекпен беру керек. Себебі 47 600 адам кезекте тұр. Олар заңды, күнделікті күтіп отыр.

«Баспаналы болудың оңай жолы бұл емес. Заң аясында кезекке тұру керек, сосын сабырмен күту керек»,-дейді Қайырбек Өскенбаев.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі: 

Кішкене сабырлық таныту керек. Бақытты отбасынан қолжетімді болмаса, онда жалға берілетін үйлерден біз 3 жылдың ішінде толығымен қамтып беруге дайынбыз.

Ешкім үйсіз қалмайды. Ол үшін мемлекет барлық шараларды қабылдап жатыр. «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламалының барлығы бірінші кезекте көп балалы аналарды баспанамен қамтуды мақсат етеді.  

Армангүл ТОҚҚТАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу