Абай атындағы опера және балет театры тұңғыш рет Францияның Страсбург қаласында өнер көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай атындағы опера және балет театры тұңғыш рет Францияның Страсбург қаласында өнер көрсетті

18.09.2019

Абай атындағы опера және балет театрының ұжымы талантымен еуропалықтарды тәнті етті. Театрдың балет труппасы тұңғыш рет Францияның Страсбург қаласында өнер көрсетті. Сапар еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы мен «Жастар жылына» орай ұйымдастырылды.

Француздар Абай атындағы опера және балет театрының операсын Парижде, Еуропада бірнеше рет тамашалаған. Енді балет труппасымен жақынырақ танысуға асық. Франция үкіметінің мүшелері, Еуропарламент депутаттары, қоғам, өнер қайраткерлері мен зиялы қауымның алдында, балеттің Отанында өнер көрсету — үлкен жауапкершілік. Ұжымның көздегені — сол үдеден шығу.  

Ая Қалиева, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының директоры:

Жаһандану заманында қазақстандық өнерді көрсету өте маңызды. Себебі осы өнер арқылы біз бір-бірімізді, мәдениетімізді танимыз. Осы спектакльдер арқылы 86 жыл бұрын құрылған қазақстандық балет мектебінің дәстүрін, дамуын көрсеткіміз келеді.

Гүлжан Түткібаева, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының бас балетмейстері:

Бағдарлама еуропалық көрерменге өте қызық болады деген ойдамын. Өйткені біз бір-біріне ұқсамайтын үш түрлі спектакль дайындадық. Мұнда бірнеше стиль, техника ұштасып жатыр. Классика, қазіргі заманғы хореография, неоклассика, яғни жаңадан қойылған спектакльдер.

Бұл Фредерик Шопеннің музыкасына қойылған бір актілі спектакль- «Шопениана». Әлемдік классика жауһарын жоғарғы деңгейде орындауға қазақ әртістері барын салды. Сильфидалардың сұлулығы, кордебалетің қалықтаған биінен көпшілік ерекше ләззат алды. Сұлулыққа сүйсінген көрерменнің жан дүниесін Морис Равельдің «Болеросы» дүр сілкіндірді. Махаббатқа, сырға толы қойылымда ырғақты партиялар басым.  

Неокласскалық стильдегі «Бах шығармашылығын тану» модернистік бағыттағы қойылым. Бұл сезім толғанысы, ізденіс, бостандық пен салтанат биі. Кірпияз көрермен спектакльдегі жаңашылдықты, эмоцияның шынайылығын жоғары бағалады.  

Жером Ривьер, Франциядан еуропалық парламент депутаты:

Қазақстанға сапарлаудың әлі сәті түспеп еді. Бүгін қазақ балетін бірінші рет көріп, қуанып тұрмын. Бишілердің сұлулығы, ырғақ-қимылдары керемет. Осы спектакльдердің арқасында Қазақстанға сапарлағандай әсер алдым.

Мартин Ригер, Страсбург қаласының тұрғыны:

Кеш керемет өтті. Бишілердің сырбаздығы, сахнада өзін-өзі ұстауы, детальдары, бәрі-бәрі ғажап. Үш спектакльдің үшеуі үш түрлі. Бірі романтикалық, екіншісі, замануи, махаббатқа толы. Бізге осындай керемет спектакль ұсынғандарыңыз үшін алғысым шексіз.

Талғамы биік француздар әртістердің кәсіби шеберлігінен бөлек, киген костюмдеріне, сахнаның безендірілуіне, жалпы қазақ балетінің әлеуетіне жоғары баға берді. Талантымен Страсбург жұртын тамсантқан ұжымның гастрольдік сапары енді Йер қаласында жалғасады. Елшіліктің «Франциядағы Қазақстан күзі» жобасы аясында үш ай бойы француздар Парижде қазақ суретшілерінің көрмесін, сән үлгілерін көріп, үздік қазақ фильмдерінің фестивалін тамашалай алады.  

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу