«Астана Опера» театры гастрольдік сапарын Алматыдан бастайды

28.01.2014
«Астана Опера» театры гастрольдік сапарын Алматыдан бастайды
«Біржан-Сара» операсын ешбір қысқартусыз, түпнұсқада тамашалау мүмкіндігі алғаш рет алматылықтарға бұйырып отыр. Себебі, «Астана Опера» театры тұңғыш гастрольдік сапарын осы қаладан бастайды. Енді, мәдени орданың тұрғындары жеті күн бойы елордалық өнерпаздардың өнерлерін тамашалай алады.
 
«Астана опера» театрының әртістері алдағы сапарға тас-түйін дайын. Алатау баурайына кіл мықтылар таңдап алынды. Өйткені, тұңғыш сапар ойдағыдай өту керек. Ал, театр саңлақтарының өнерін Алматы жұрты Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрынан тамашалай алады.
 
Төлеген Мұхамеджанов, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының директоры:
Алғашқы өзіміздің гастрольдік сапарды мемлекетіміздің мәдени ордасы - Алматы қаласынан бастайық деп едік. Өйткені, біріншіден биыл Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрының 80 жылдығы. Сол театрымызға тағзым жасап, содан кейін алматылық көрермендердің алдынан өтіп, сондағы мәдениет майталмандарының батасын алайық деп едік.
 
Шығармашылық ұжым алғашқы гастрольдік бағдарламасын «Біржан-Сара» операсымен бастамақ. Қойылымның бұрынғы нұсқаларынан ерекшелігі - мұнда Біржан сал тірі қалады. Керісінше, режиссер қос ғашықтың орындауындағы махаббат гимнін спектакілдің соңына қойып, көрерменге өнер мен махаббатты өлтіруге болмайтыны жөнінде ой тастайды. Сара мен Біржанның рөлін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова мен Мариин театрының үздік теноры Ахмет Ағади сомдайды.
 
Айгүл Ниязбекова, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері:
Сараның рөлін сахнада бірнеше өнерпаз сомдаған. Әсіресе, мұны Алматы жұрты жақсы біледі. Сондықтан да, гастрольдық сапар алдында қобалжып жүрмін. Бізге артылған жүктің ауыр екенін білем. Сондықтан, алматылық көрермендердің көңілінен шығуға тырысамын.
 
Айта кетейік, «Астана Опера» театры осы жылы алғашқы шетелдік гастролін де жоспарлап отыр. Енді, «Біржан мен Сара» операсы Ресей, Лондон және Париж қалаларының рухани ордаларында да сахналанатын болады.
 
 
Айдана ҮСЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу