«Абай» операсы Париж төрінде шырқалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Абай» операсы Париж төрінде шырқалды

29.10.2014
«Абай» операсы Париж төрінде шырқалды

«Абай» операсы Париж төрінде шырқалды. Қазақстанның Франциядағы мәдениет маусымы аясында Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық опера және балет театры «Абай» операсын қойды.

Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Мұхтар Әуезов сынды үш тұлғаның ұлы туындысы Париждің өнерсүйер қауымын тәнті етті.

Бұл күні 1900 орындық Елисей алаңының театры көрерменге лық толды.

Болат Жомартовтың сахнада жүргеніне 20 жылға жуықтады. Осы 20 жыл  ішінде дәл бүгінгідей қобалжыған емес. Өйткені, ол алғаш рет Париж сахнасында өнер көрсетпек. Ойнайтын рөлі де осал емес. Бүгін француз жұртына ұлы Абайдың бет-бейнесін танытатын күн.

Болат Жомартов, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік опера және балет театрының әртісі:

Өте күрделі рөл. Абайдың ішкі тебіренісін, философиясын көрерменге жеткізу оңай емес. Бұл рөлді алғаныма небәрі бір жыл болды. Бірақ, жанымды салып ойнауға тырысамын.

Бұл опера бұрын қойылып жүрген  операдан өзгерек. Костюмдер қайта тігіліп, декорация түгел жаңартылған.

Музыка мен оқиға желісі де біршама өзгертілген. Бір мезгілде сахнада 150 әртіс өнер көрсетті. Оған танымал музыкант Алан Бөрібаев дирижерлік етті.

Асқар Бөрібаев,  Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі:

Бұл - өте маңызды оқиға. Біз қазақ өнерін, қазақ классикасын көрсетуді мақсат тұттық. Қазір Батыс Еуропа біздің өнерімізге таңғалуда. Оркестр, хор бәрі қалыптасқан.

Қойылымға келгендердің арасында аса құрметті қонақтар да болды. 15 жылдан бері Голландияда тұратын Мұхтар Әуезовтің немересі Зифа Әуезова операға отбасымен арнайы келіпті.

Зифа Әуезова, Мұхтар Әуезовтің немересі:

Мен үшін, Қазақстан үшін біздің театрымыз үшін  өте маңызыды қойылым. Еуропада тұратын қазақтар үшін үлкен қуаныш.

Француздар Абай өмірін бұған дейін тек шығармалардан оқып білсе, бұл жолы тұңғыш рет оның сахнадағы бейнесімен танысты. Талғампаз француз аудиториясы қойылымды ерекше ықыласпен қабылдады.

Сельви Марини, Париж тұрғыны:

Мен қазақ өнерінен мүлде хабарсыз едім. Операның нағыз інжу-маржаны сіздерде екен. «Абай» операсы бүкіл Шығыс әлемін көз алдыма әкелгендей болды.

Дмитрий Карниов, Париж тұрғыны:

Әртістердің шеберлігіне сөз жоқ. Костюмдері көздің жауын алады. Қазақстан, тек алға!

Шынар Асанқызы, тілші: 

«Абай» операсының 70 жылдық тарихы бар. Осы 70 жыл ішінде бұл қойылым тұңғыш рет Еуропа сахнасында қазақ тілінде қойылып отыр. Сондықтан, Қазақстанның мәдениет күндері аясындағы бұл шараның маңызы зор. Қыркүйек айының соңында басталған мәдениет маусымы әлі де жалғасады. Алдағы үш күн бойы Парижде Астана күндері  өтпек.

 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу