Президенттің Қытайға мемлекеттік сапары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің Қытайға мемлекеттік сапары басталды

11.09.2019

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық республикасына екі күндік мемлекеттік сапармен барды. Қазақстандық делегация құрамында бірқатар министрлер мен квазимемлекеттік компания басшылары, отандық бизнес өкілдері бар. Сапар аясында Президент қытайлық әріптесі Си Цзинньпинмен және Қытай мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен кездесіп, екі елдің кезекті іскерлік кеңесінің ашылуына қатысады. Айта кету керек, бұл Мемлекет басшысының Президент ретіндегі Қытайға алғашқы сапары. Аспан асты елі Қазақстанға тартылған инвестиция бойынша Нидерланды, АҚШ және Ұлыбританиядан кейін 4 орында. Мемлекеттік сапар стратегиялық әріптестікке жаңа серпін бермек.

Қытайдың іргелес елдермен қарым-қатынасы ертеден басталады. Оның ішінде Қазақстанның орны бөлек. Екі елді ежелден байланыстырған Ұлы Жібек жолы. Қытай Қазақстан арқылы батыспен сауда жасап қана қоймай, мәдени-гуманитарлық байланыстар орнатты. Бұл тарихи байланыс бүгінгі әріптестікке ұласты. Қытай экономикасы қазір мықтап қарқын алды. Әлемнің фабрикасы атанған ел сырттан шикізат сатып алып, оны терең өңдеп сатуға әбден машықтанған. Қазақстан-Қытай қарым-қатынасында шешілмеген түйін жоқ. Елбасы еңбегімен арадағы 1700 шақырымдық шекара толық заңдастырылған. Деморкациялау туралы құжатқа қазіргі Президент те үлкен еңбек сіңірді. Осыдан 17 жыл бұрын Сыртқы істер министрі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев деморкациялық келісімді жасақтауға атсалысып, оған қол қойды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарына тараптар кең ауқым беруге тырысқан. Форматы мен мазмұны түрлі саланы қамтиды. Алғашқы кездесу Қазақстан уақытымен таңғы алтыда басталды. Президент Қытай комунистік партиясының саяси бюро мүшесі, партияның сыртқы істер бойынша басшысы Ян Цзечимен кездесіп, күн тәртібіндегеі тақырыптарды талқылады. Мемлекет басшысы одан кейін екі ел іскерлік кеңесінің алтыншы отырысын ашты.

Дулат Абибуллаев, тілші: 

Қазақстан мен Қытай бизнес өкілдерінің іскерлік кеңесінде Президент елдегі бизнес климат пен Астана халықаралық қаржы орталығының, Еуразиялық экономикалық одақ нарығының әлеуеті туралы айтып берді. Сондай-ақ Қытайға экологиялық таза ауылшаруашылық өнімдерін электронды сауда платформалары арқылы сатуға мүдделі екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Қазақстан үшін өз өнмідерін Қытайға экспорттау маңызды. Қазақстан соя, зығыр сияқты майлы дақылдарды экспорттай алады. Біз Қытай туристерді Бурабай, Алакөл, Медеу және басқа да танымал демалыс аймақтарына шақырамыз.

Президент бұл бастамалар бойынша екі елдің бизнес өкілдерімен бөлек кездесу де өткізді. Қытаймен әріптестіктің саяси, бейсаяси мәселелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың студенттермен кездесуінде жалғасты. Қоғамдық ғылымдар академиясындағы дәрісінде Президент екі ел ынтымақтастығына тоқталып, Қазақстанның жаһандық бастамалары жайлы хабардар етті, сондай-ақ дипломат ретіндегі әлемдік саяси үрдістерге баға берді.  

  Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Геосаяси бәсекелестік экономика саласын қамтып, сауда соғысының заманы туды. Жаппай қырып жою қаруының да қолданылуы ғажайып емес. Бұл экономикаға зиян келтірері айтапаса да түсінкті.

Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде Бейжіңде тілдік тағылымдамасынан өткен, дипломатиялық қызметін де осы елден бастаған. Президент академияда ұстазы Лю Шицинмен кездесіп, қысқа пікір алмасты. 

Тек Бейжіңде 1000-ға жуық қазақ студенті бар. Олар да Президент келетін күнді асыға күтіпті.

Түстен кейін мемлекеттік сапардың жоғары деңгейдегі бөлімі басталды. Қазақстандық делегация Қытайдың басты ғимаратында.

Дулат Абибуллаев, тілші: 

Қазақ Президентін ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ерекше сән салтанатымен қарсы алды. Бұл тек қазақ басшысына, қазақстандық делегацияға ғана емес, Қазақ еліне көрсетілген құрмет. Сасаттағы ерекше дәстүрі бар шара. Мың рет естігеннен бір рет көрген артық.

Қытай төрағасы қазақ Президентімен құрдас. Осыдан алты жыл бұрын елордада елбасымен бірге Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуі туралы бастама көтерген. Қазір аталған жоба жемісін беруде.  

Екі ел басшысы осы және өзге де әріптестікті жаңа деңгейге шығару жолдарын талқылап, бірлескен мәлімдемеге қол қойды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Сіздің досыңыз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ыстық сәлемі мен ізгі тілегін жеткізгім келеді. Біздің кездесуіміз Қытай Халық Республикасының 70 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Бұл — тарихи оқиға. Мен сізді, сіз арқылы бүкіл Қытай халқын осы мерейтойлы датамен құттықтағым келеді.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Президенті:   

Қазақстан — Орта Азиядағы ең үлкен мемлекет. Тұңғыш Президент-Елбасының арқасында қарқынды даму жолына түсті. Қытай Қазақстанды сенімді серіктесі деп біледі. Барлық салада тығыз байланыс бар. Біз сіздің сабақтастық, әділдік және даму атты ұстанымыңызды қолдаймыз.

Мемлекеттік сапар аясында тараптар 10 құжатқа қол қойды. Оның ішінде апат кезінде әуе кемелерін іздеу мен құтқару келісімі, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Жібек Жолы экономикалық белдеуі жобасын жақындастыру меморандумы бар. Сондай-ақ Қытай-Қазақстан кедендері арқылы өткен тауар мен техникалар туралы ақпарат алмасу және Қазақстанға грант ретінде қуатты компьютер беру туралы келісім бар.  

Мемлекет басшысын бүгін сондай-ақ Қытай мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кяцян мырзамен де екі жақты кездесу өткізіп, Үкімет деңгейіндегі жұмыстарды пысықтады. Президенттің Қытайға сапары ертең, Ханчжоу қаласында жалғасады.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ


Хабарламаларға жазылу