Қазақ мұнайына – 120 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ мұнайына – 120 жыл

06.09.2019

Мемлекет экономикасының темірқазығы атанған Қазақ мұнайына 120 жыл. Осы аралықта қара алтын секторы айтарлықтай жетістікке жетіп, толағай табыстарға кенелді. Бірқатар кен алаңдары цифрландырылып, жаңа буын зауыттар іске қосылды. 200-ден астам кен орны ашылды. Мәселен, аталған саланың арқасында, өткен жылы қазынаға 5 жарым трлн теңге көлемінде пайда түскен. Бұл, ел кірісінің 46 пайызын құрайды. Мұнайлы өлке Атыраудағы меншікті тілшіміз Жандос Темірғали жалғастырады.

Қара алтын бұрқағы алғаш Қарашүңгіл кенішінде атқылады. Дархан даланың қойнауынан бастапқы кезде, жылына 1 млн тоннадан астам мұнай өндірілді. Бүгінде бұл көрсеткіш 90 млн тоннаға жеткен. Мұнай игеруге атсалысқан ардагердің бірі

Жолдас Тәжіғалиев. 86 жастағы ақсақал, қиындығы мол салаға 40 жылын арнапты.  

Жолдас Тәжіғалиев, мұнай саласының ардагері:

Фариза қарындасымыздың бір мақаласынан оқыдым бе екен?! «Ей, өзге жандар, сендер барлаушыға қарағанда, ұқсайсыңдар балапанға» деген сөзі есіме түседі. Шынында да барлаушылардың қиыншылығы басым болды. Техниканы айтса, долотоны шетелден аламыз, соның өзінде көпке төзбейді.

Теңіз кеніші мұнай-газ секторында ойып тұрып орын алады. Мұндағы қор – 3 млрд. тоннадан асады. Жылына 27 млн тоннадан астам қара алтын өндіруге қауқарлы. Бүгінде кәсіпорынның аясы кеңейе түскен. Аумағынан үшінші буын зауыт салынуда. Құрылыс жұмыстарына 42 мыңнан астам қазақстандық жұмылдырылды. 

Амандық Мұқанов, Теңіз кен орнының жұмысшысы:

Жағдайымыз жақсы. Үш мезгіл тамағымыз беріледі. Айлығымыз уақытында түседі. Киіміміз жуулы. Үшінші буын зауыты болашақта еліміздің өркендеуіне мол үлес қосады деп сенемін.

Теңіз вахталық қалашығында жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған. Демалатын орын, спорттық алаң, тіпті мынадай әсем субұрқақ та бар.

Отандық үлесті арттыру, маңызды шаруа. Мәселен, жаңа технология бағытында қызмет көрсету 1 пайызға да жетпейді. Бұл саланы жандандыру үшін, өнім сапасын жақсартып, стандарттық құжаттарды реттеу керек. Сонда ғана, қызмет ұсынатын қазақстандық компаниялар бәсекеге қабілетті болмақ.

Рашид Жақсылықов, Қазақстандық мұнай- сервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы:

Міндетті түрде Қазақстан компаниялары өзіне мықты шетелдік серіктес табу керек. Сол саладағы дамыған. Екінші мемлекет нақты бағдарлама қабылдау керек те, ол бағдарлама, шұңқырға түсіп, жоғалтып алған зат сияқты болмай, орындалуын қадағалау керек. Бізде көп бағдарлама қабылданады да, артында аты ғана қалады заты жоқ болады.

Атырау – қара алтын игеретін донор өлке. Биыл аймақтағы геолог мамандар тыңнан түрең салды. Бұрын әскери сынақ алаңы болған Тайсойған жерінен жаңа қара алтын көзін тапты. Болжам бойынша , бұл даланың қойнауында шамамен 400 млн тоннадан астам мұнай қоры бар. 

Жандос ТЕМІРҒАЛИ



Хабарламаларға жазылу