Сұлтанбек Қожановтың туғанына – 120 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сұлтанбек Қожановтың туғанына – 120 жыл

10.09.2014
Сұлтанбек Қожановтың туғанына – 120 жыл

Мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, ғалым Сұлтанбек Қожанов – Қазақ обкомының екінші хатшылығына сайланған тұңғыш қазақ.

Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. Алаш зиялысының қайраткерлік жолы Сұлтанбек Қожанов атындағы қордың зерттеу  еңбектерінде жазылған.

Сұлтанбек Қожанов атындағы қайырымдылық қорының директоры Мұқан Әбдіраман «Сұлтанбектану» ісін қолға алған.

Мұқан Әбдіраман: «Бұл кісі түрлі басқосуларда Сталинге қазақ халқының ішкі жағдайын, аштықтың халыққа әсерін тікелей айтып отырған. «Сіз бұл жақта отырып алып, ол жақтағы халықтың жағдайын білмейсіз», дегенді ашық айтқан. Ал, бұл сөздер Сталинге ұнамаған. Тіпті, бір сөзінде Сталиннің:  «Қожанов үнемі Түркістан халқының қиыншылық жағдайын ғана айтады. Құрылып отырған одақ туралы ештеңе айтпайды. Осындай бір жасырын пиғылда жүрген азамат», дегені бар»,-дейді.

Болмысынан өткір болған Сұлтанбек Қожановтың бұл қасиеті турасында Мұқан ақсақал: «Тағы бірде, үлкен басқосуда отырған кезде Сталин екеуі сөзге келіп қалады. Бұл жерде де Қожанов тағы сол халықтың жағдайын айтады.

Басшыға бұл тағы ұнамайды. Сосын Сталин: «Қожановтың өзіне тағы бір оқу керек-ау. Сауаты жетіңкіремейді ғой деймін», дейді. Сол кезде Сұлтекең мінберге шығып: «Жолдас Сталин, менің қалтамда үш дипломым бар. Менен гөрі сізді оқытқан дұрыс болатын шығар»,-дейді. 

Жиын біткен соң, Сталин біреуді жіберіп, Сұлтекеңді шақырып алады. Арқасынан қағып тұрып: «Жолдас Қожанов, сіз елге барғаннан кейін жастарды қолға алыңыз. Жастарды білімге тартыңыз, осы білім саласын басқарыңыз», деп кеңес береді. Осыдан кейін Сұлтекең Ташкенттегі алғашқы ирригациялық институтты ашып, соның директоры болады»,-дейді.

Сұлтанбек Қожанов сталиндік репрессия құрбаны. Қазіргі таңда елімізде С.Қожанов атындағы көше, мектеп, оқу орындары бар. Оның тарихи маңызы бар туындылары  жинақ ретінде жарық көрген.

Ұлт үшін жанын пида еткен арысымызды ұмытпау – әрбір қазақ баласына парыз.

Хабарламаларға жазылу