Негізсіз несие алған тұрғындардың саны көп
Елімізде несие алушылардың саны артып келеді. Ипотеканы айтпаған күннің өзінде, тұтынушылық несие алу рекордтық көрсеткішке жеткен. Банктер берген барлық несиенің 29,1 пайызы немесе 3/1-і тұтынушылық несиелер. Мамандар қоғамдағы өткір мәселелердің де түп тамырын, осымен байланыстырып отыр. Яғни, азаматтардың айлық табысынан гөрі берешек қарызы көп.
Күлзипа Кенжеева Елорда іргесінде тұрады. Басында қазір несиесі жоқ. Үй саламын деп алған несиелерін жауып құтылған. Енді "банкке бармаспын" деп отыр. Себебі, несиенің пайызы - қымбат, алу - оңай, төлеу - қиын.
Күлзипа Кенжеева, қала тұрғыны:
Қазір енді кредит алғаннан гөрі, сол кредиттің орнына 2-3 ай болса да ақшаны жинап, одан кейін ғана барып, ақшаны пайдалану керек деген тұжырымға келдім. Тез-тез жауып тастауға кірістім, балаларым көмектесті. Осылайша, үйімді көтеріп алдық. Енді сол үйге кіріп жатырмыз. Қоныс тойын жасауға кредит алсақ па деп ойлап едік. Оған биылдан гөрі ендігі жылы той жасасақ па деп шешіп отырмыз, кішкене ақша басын жинап.
Алайда халықытың бәрі Күлзипа апайдай емес. Несиесі жоқ адам кемде-кем. Қажеттіліктен бөлек дағдарысқа дейінгі молшылық санаға сінген. Автокөлік, тұрмыстық техника, ұялы телефон тіпті саяхаттауға несие алу үйреншікті жағдай. Биыл тек маусым айында банктер 434 миллиард теңгеге жуық тұтынушылық несие таратқан. Бұл Елорданың бір жылдық бюджетімен пара-пар.
Серік Бейсембаев, ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы әлемдік саясат және экономика институтының сарапшысы:
Экономикалық белсенді халықтың саны 10 миллоинға жуықтаса оның ішінде тқрақты жұмыс істейтіндердің саны 4-5 миллион, яғни әр адамға шамамен 2 кредиттен келеді деген сөз. Бұл үрдіс әрине жақсы емес. Бұрынғыдай ай сайын алатын жалақысы жетпейді. Сол үшін өмір сүру стандартын сақтап қалу үшін несиеге жүгінеді.
Социологтар мәселенің салдары сұмдық деп отыр. Банктердің банкротқа ұшырауын айтпағанда, төленбеген қарызды қудалайтын сот органдары мен сот орындаушылар талай отбасыны ойран қылып жатқанын алға тартты.
Қазыбек Майгелдинов, Еуразиялық интеграция институтының ғылыми зерттеу орталығының басшысы:
Несие алған адам егер несие алуға қауқары жетпей жатса, бұл кейіннен үлкен шиеленістерге алып келіп жатыр. Екінші жағынан, бұл ереуілдердегі Үкіметке деген сынын күшейтіп отыр.
Кезінде жеке тұлғаларды да банкрот деп тану туралы заң әзірлеу бастамасы көтерілген еді. Әзірге құжаттан хабар жоқ. Заң қабылданса қарызын мүлде өтей алмайтын азаматтарға жеңіл болар еді. Халықтың банктерге қарызы түйткілді мәселеге айналғанын кешегі жолдауында Президент те айтты. Мемлекет басшысы жағдайды ушықтырмауды тапсырды. Атап айтсақ, Үкімет пен Ұлттық банк екі ай ішінде нақты шара қабылдауы керек.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы