Жолдауда кәсіпкерлерді қолдау туралы бастамаларды шағын кәсіп иелері қуана қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолдауда кәсіпкерлерді қолдау туралы бастамаларды шағын кәсіп иелері қуана қабылдады

03.09.2019
Елордада ишарат тілінде қызмет көрсететін ерекше дәмхана бар. Кафе қонақтарынан есту және сөйлеу қабілетінен айрылған азаматтар тапсырыс алады. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алып, әлеуметтік жобаны жүзеге асырып жүрген кәсіпкер жолдауда шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бастамалардан үлкен үміт күтіп отыр. 

Азамат Базыловтың негізгі мамандығы – анастезиолог дәрігер. Таңертеңнен кешке дейін онкологиялық ауруханада, кешкісін осы дәмханадан табылады. Жас кәсіпкер кафені ашу үшін пәтерін де сатып жіберген. Кейін есту және сөйлеу мүмкіндігінен айрылған 16 адамды қызметке алған. Олардың бірі — аспаз, енді бірі — даяшы болып жұмыс істейді. Жалақылары 100 мың теңгеден басталады. Ең бастысы, олар бұл жерде өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінеді.
Азаматтың сөзінше, Қазақстанда әлеуметтік жобаларға қолдау аз. Тіпті, мұндай түсініктің өзі елімізде енді қалыптасып келе жатыр. Дегенмен Азамат өз ісінің болашағына сеніммен қарайды. Бұған қоса, кеше Мемлекет басшысының жолдауында кәсіпкерлікке қатысты жақсы бастамалар айтылды.

Азамат Базылов, кәсіпкер:

Біздің істеп жатқанысмызға 2 ай болды. Екі ай ішінде өзімізді дамытып жатырмыз, қолдан келгенше. Бірақ салық ретінде 10 пайызды бізден алып тастаса, мен ойлаймын, сол салықтан жиналған ақшаға екінші осындай жобаны дамытуға күш-қуатымызды салушы едік...

Қасым-Жомарт Тоқаев ұсақ және шағын бизнес субьектілерін табысқа салынатын салықтан 3 жылға босату қажеттігін мәлімдеген-ді. Бұл бастама 2020 жылдың қаңтар айынан бастап заңды күшіне енбек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шағын және орта бизнес қала мен ауылды дамытудың негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан, алдағы уақытта да мемлекет бизнеске қолдау көрсете береді. Бұл мақсатқа ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек.

Бұл жаңалық кәсіпкерліктің жаңа тынысын ашатыны сөзсіз. «Дегенмен салықтан босаған кәсіпкерлер өздеріне жүктелген жауапкершілікті ұмытпағаны жөн», -дейді сарапшылар.

Динара Рысбекова, Экономика зерттеулер институтының жетекші сарапшысы:

Шағын кәсіпкерліктің кейін орта бизнеске тезірек айналуы үшін осындай көмек жасалып жатыр. Мараторий жарияланып, салық жөнінде. Бірақ, бұл жерде екі жақтың да жауапкершілігін түсіну керек. Шағын кәсіпкерліктер бізге мараторий жасалды, сондықтан, біз жасай беруіміз керек демей, олар заң түрінде өздеріне қатысты жұмыстарын жасау керек. Кәсіпкерліктің тағы да айтып кетейін жауапкершілігі мол болуы керек.

Ал әлеуметтік жоба авторы – Азаматтың болашақ жоспары бұдан да ауқымды. Екінші дәмхана ашып, тағы да мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуды ойлап жүр. Сондықтан Президент бастамасы ол сияқты іскерлерге кәсібін дөңгелетуге үлкен серпін болмақ.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу