Президент Атырау жұртшылығымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Атырау жұртшылығымен кездесті

04.06.2019

Мемлекет басшысы Атыраудағы балық шаруашылығын қайта жаңғыртуды тапсырды. Өйткені күні кеше осы өнеркәсібі өркендеп тұрған өңірде бекіре көлемі екі, ал шоқыр жеті есеге азайған. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Жайықта хлордан жүз он сегіз тонна балықтың қырылғанына кінәлі азаматтар лайықты жазасын алатынын мәлімдеді. Жалпы, Атырау жұртшылығымен кездесуде Президент халықты алаңдатқан басты мәселелерді тізіп өтті. Олардың ішінде баспанамен, таза ауызсумен қамту, жемқорлықпен күрес бар. 

Қырында киігі, суында балығы ойнаған, қойнауы мұнайлы, халқы шырайлы Атырау өңірінің ел дамуына қосып жатқан үлесі зор. Махамбеттей, күйші Динадай ұлы тұлғаларын ұлықтай білген тұрғындар тарихи мұраны сақтап келеді. Президент алдымен атыраулықтардың абыройлы істерін атап, алғысын айтты.

Жадыратар жақсы сөзден соң Президент атқарылуы тиіс істерге көшті. Алғашқы тапсырма мұнай-газ саласын дамытуға арналды. Бүгінге дейін шетелдік инвесторлармен келіскен шарттардан Қазақстан ауытқыған емес. Алайда отандық кәсіпорындардың мүддесін де ұмытпаған жөн. Өйткені мемлекеттік сатып алудағы жергілікті үлес бірнеше жыл қатарынан отыз төрт пайыздан аса алмай тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Қашаған жобасы бойынша қазақстандық компаниялар үшін тең дәрежеде қолжетімді етуге құны жиырма миллион доллардан асатын сатып алу жұмыстарына ғана келісім береміз. Сөйте тұра қазақстандық компаниялардың басым көпшілігі, әсіресе шағын және орта бизнес, бұл межеден төмен сегментте жұмыс істейді. Қазір салық және басқа да бюджеттік төлемдер бойынша тек шетелдік жеткізушілерге жеңілдік бар. Соның кесірінен біздің кәсіпкерлер байқауға қатысуға әрекет те жасамайды, себебі одан еш пайда жоқ екенін біледі. 

Ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтін отандастарымыз үшін де Президенттің жағымды жаңалығы бар. Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті тұрғындарды алаламай, біліктілігі жоғары қызметкерлердің жалақысын шетелдік мамандардыкімен теңестіруді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бірдей жұмысқа әртүрлі жалақы төлеуге жол беруге болмайды. Әрине, біздің жұмысшыларымыз білім деңгейі және жұмыс тәжірибесіне қойылатын жоғары талаптарға сай келе ме деген сұрақ – басты мәселе екені түсінікті. Алайда білікті мамандарды еш алаламай, лайықты жалақысын төлеу керек. Қалғанын оқытып, үйретіп, қажет деңгейге жеткізуіміз керек.

Экология да - басты мәселелердің бірі. Жайық пен Қиғаш өзендерінің суы тартылып барады. Жақында Жайықта жүз он сегіз тонна балық қырылып қалды. Қалаға тиіп тұрған кәріз су қалдығы төгілетін «Сасық сай» да халықтың сабырын қашырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кеше ғана тікұшақпен осы жерге барып, өзімнің көзім жетті. Үлкен проблема болып тұр. Соның кесірінен жерасты сулары да, топырақ та, ауа да ластанып, өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы қиындай бастады.

Жолдың да жыры таусылар емес. Әсіресе Атырау-Астрахан бағытындағы күре жол тұрғындарды талай жыл әуреге салып келеді. Елбасы былтыр тамыз айындағы сапары барысында осы мәселені шешу үшін жиырма алты миллиард теңге бөлуді тапсырған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев та күре жолға күрделі жөндеу жүргізу үшін қосымша алпыс бес миллиард теңге бөлінетінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жалпы, жол жөндеу жұмыстарына биылдың өзінде орталықтан 33 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Нағыз сапалы жол қандай болуы керек? Ең алдымен, сол жолды пайдаланатын тұрғындарды діттеген жеріне тез, жылдам апаратын қауіпсіз жол болуы тиіс. Жөнделген жолдың саны емес, сапасы маңызды! Әкімдіктердің жұмысын осы талапқа сай бағалайтын боламын. 

Инфрақұрылымға қатысты жергілікті тұрғындардың да айтары бар екен. Аға буын Атыраудан еліміздің солтүстік және оңтүстік астаналарына қатынау қиында кеткенін жеткізді. Ұшақ билетінің құны ұшып тұр. Ал пойыз вагондарының тозығы шыққан. Әрі бұл бағыттар бойынша пойыздар екі күнде бір жүреді.

Жұмажан Қадымов, Исатай ауданының құрметті азаматы:

Қырық бес күн бұрын алу керек билетті.

Балықшылар да Президентке бұйымтайын жеткізді. Балық шаруашылығы комитеті жабылып қалғалы, бұл сала тұралап қалған. Балықшылар салық төлеу жүйесіне де налыды.

Самат Тілепбергенов, «Балық шаруашылықтары қауымдастығы - ВД» облыстық филиалының жетекшісі:

Балықшылар салықты басқаларынан бұрын төлейді.

Суы мол аймақта балық шаруашылығы дамымай жатқанын Президент сынға алды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев бұл салаға инвесторларды тарту керектігін айтты. Сондай-ақ қарт Каспий мен Ақжайықтың әлеуетін сақтай отырып, тиімді пайдалануды, ал өзен-көлге залалы тиген өндіруші компанияларды қатаң жазалауды тапсырды.

Сондай-ақ жиында медицина мәселесі сөз болды. Биыл облыста сәби өлімі жиырма алты пайызға, қатерлі ісікке шалдыққандар саны жеті пайызға артып кеткен. Сондықтан Президент дәрігерлер тапшылығын жойып, өңірге білікті мамандарды тарту қажеттігін қадап айтты. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев олқылықтарды мойындап отыр. Ақсақалдармен кеңесіп, дер кезінде осы мәселелерді шешуге уәде етті. Ал жиыннан соң атыраулықтар өңірдің өзекті мәселелерін шешуге уәде еткен Президентке алғысын айтты.

Альбина Әшім, тілші:

Жиында жалпы алғанда Президент сегіз бағыт бойынша тапсырмалар берді. Олардың барлығы әлеуметтің әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейді. Өйткені ең басты байлық адамдар екенін Президент тағы бір еске салды. Ал жер байлығының арқасында күллі елдің экономикасын өркендетіп отырған өңірдің еңбегі де елеусіз қалмайды. Мемлекет басшысы бюджет жоспарланарда қаражат әр өңірдің экономикаға қосқан үлесіне қарай әділ бөлінетінін мәлімдеді Яғни «бюджет» деген ортақ нанның үлкендеу кесегі осы өлкеге бұйыратын сыңайлы.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу