Сайлау-2019: Сайлауға 3 күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау-2019: Сайлауға 3 күн қалды

06.06.2019

Екі күннен соң Президеттікке үміткерлердің сайлауалды бағдарламасын насихаттау жұмыстары тоқтайды. Яғни сенбі - үнсіздік күні. Кандидаттардың сайлаушылармен кездесуіне ертең тағы бір күн бар. Уақыт тақалған сайын үміткерлердің қарқыны да артты. Олар қаладан бөлек аудан, ауылдарды аралап халықты сайлауға белсенді қатысуға шақырып жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының басшысы Мәулен Әшімбаев бүгін мемлекеттік басқару жүйесі хақында сөз қозғады. Оның ойынша, мемлекеттік қызметтің адымын аштырмай тұрған - жемқорлық.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының басшысы:

Біздің кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі - басқару жүйесін ары қарай жетілдіру. Бұл салада кейбір мәселелердің бар екені жасырын емес. Сондықтан біздің кандидатымыз осы саланың..тиімділігін арттыруды, қайталайтын қызметті қысқартуды өзінің негізгі басымдықтарының бірі ретінде анықтады.

Болашақ мемлекеттік қызметкерлер де Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасына дән риза. Өйткені басқару ісінде ілгерілеу болса, ел экономикасы алға басады.

Ерғазы Әзімханұлы, «TEAM QAZAQSTAN» жастар қанатының мүшесі:

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалпы өзінің сайлауалды бағдарламасында жастарға көп көңіл бөліп отыр. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі бойынша, баспана мәслесі бойынша, жалақыны көтеру мәселесі бойынша көптеген көңіл бөліп отырғандықтан, мен Қасым-Жомарт Кемелұлын таңдаймын.

Өңірлердегі этномәдени бірлестіктер Тоқаевты таңдаймыз деп үн қатты. Олардың пікірінше, тұрақтылық пен бейбітшілікті ту еткен елдің келешегі қашанда жарық.

Елордалық жастардың күні таза ауадағы таңғы жаттығудан басталды. Коммунистік халық партиясы белсенділері үшін қолайсыз ауа райы да кедергі емес. Қызыл жейделерін киген үгіт тобы қай уақытта да өз кандидатын қолдауға дайын.

Нұрмахан Оразханов, ҚКХП қалалық сайлауалды штаб жетекшісі:

Жастар күні кешке дейін интернет алдында отырмау керек. Яғни осындай іс-шаралар арқылы жастардың арасында, жалпы халықтың арасында салауатты өмір салтын насихаттауымыз керек.

Ислам Сұңқар  тұрақты түрде спортпен айналыспаса да, күнделікті жатттығуларды үзбей орындайды. Мұндай акциялар денені сергітіп, көңіл- күйді көтеретінін айтады.

Ислам Сұңқар, белсенді топ мүшесі:

Менің ойымша, салауатты өмір салтын жүргізу үшін күн сайын спорт залға барып керек емес. Бұл үшін күнделікті таңертең жаттығулар орындалса жеткілікті.

Акция соңында партиялықтар Жамбыл Ахметбековтың сайлауалды бағдарламасын баяндап, партия жұмысының негізгі бағыттарына тоқталды. Сондай-ақ, жастарды алдағы сайлауға белсенді қатысуға шақырды.

Қазір еліміздегі ауылда 7 миллионнан аса халық тұрады. Бірақ бұл көрсеткіш жыл сайын кеміп барады. Осыған байланысты шұғыл ауыл әлеуетін көтеру керек. Оның ішінде инфрақұрылымды дамытып, жұмыссыздықты жойып, әлеуметтік жағдайды жақсарту маңызды.

Жарылғап Шегірұлы, жергілікті тұрғын:

Ауылды көріп жүрміз ғой барып. Жанымыз ашиды. Ауылдардың құлдырап бара жатқанына барлық ауылдардың, маңайымызда талай ауылдар жабылып қалды. Сондықтан осындай жиындарға қатысып, президенттік сайлау болады, кандидаттың өмірбаянымен таныстық, соны біз қолдауға келіп отырмыз. 

Төлеутай Рақымбеков барлығын ауылға барып тұруға шақырмайды. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты азайтып, байланысты нығайту керектігін айтады.

Иван Кендюх, Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбековтың өңірдегі сенімді өкілі:

Төлеутай Рақымбеков ауыл шаруашылығы саласында біраз жыл еңбек етті. Елді мекендердің мәселесін бүге-шігесіне дейін біледі. Соған сәйкес, сайлауалды бағдарламасында оны шешу жолдарын ұсынады. Солтүстік Қазақстан жұрты оны қызу талқылап жатыр.

Үміткер бағдарламасындағы жастар саясаты, отбасылық құндылықтар және ұлттық дәстүрді дәріптеу мәселелері де сөз болды.

Президенттікке үміткер Дәния Еспаеваның сайлауалды штабтары үгіт-  насихаттың  аяқталуына аз уақыт қалса да, жұмыс қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Бірнеше қалада автошеру ұйымдастырды.

Әзиз Қожабеков, «Ақ жол» партиясының мүшесі:

Автошеруге ақ түсті көліктерді таңдаған себебіміз жәйдан-жәй емес. Парттямыздың аты да "Ақ жол". Сондықтан жолымыз ақ болсын деп, сайлау сәтті өтсін деп, ақ көліктерді таңдадық. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, адал бәсекелестік пен пен жаппай кәсіпкерлікті қолдау, ұлттық тәуелсіздік құндылықтар. Дәния Еспаеваның бағдарламасы осындай негізгі бағыттардан тұрады. Үгіт-насихат кезінде ол халыққа  кеңінен түсіндірілді.

Азамат Еңсебаев, «Ақ жол» партиясының мүшесі:

Бұл автошеру Елорданың негізгі көшелерін Сарайшық, Орынбор деген үлкен көшелерін кесіп өтеді. 

Елордада, Алматыда және Шымкентте өткен  автошерудің әрқайсысында 30 ға жуық темір тұлпар болды. Ұйымдастырушылар осы шара арқылы  халықты сайлауда белсенді болуға үндеді.   

Орталық штаб мүшелері Қызылордада ірі кәсіпорындардың біріне барды. Жиында саяси құжаттың бірнеше бағыты сөз болды.

Сәкен Алдашбаев, Ә.Қосановтың облыстық сайлауалды штабының жетекшісі:

Әміржан Қосановтың тұғырнамасындағы бағыттарымен таныстырдық, мақсаттары мен міндеттерін айтып өттік.

Бұл орталық қазір жүздеген адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан жиында экономикалық сектор да сөз болды. Қоғамды алаңдатып отырған әлеуметтік сұрақтар да көтерілді. Бұдан бөлек, тұрғындар саяси құжатқа қатысты ойларын ортаға салып, ұсыныс білдіруге мүмкіндік алды.

Наурыз Сатханов, кәсіпорын директорының орынбасары:

Енді саяси науқан аяқталғанша жұмысшылар жауапкершілікпен қарайды деп ойлаймын. Енді 9-шы маусымда осы мекенің әр азаматы өз таңдауларын дұрыс жасайды деп ойлаймын.

Әміржан Қосановтың сайлауалды бағдарламасын насихаттау жұмыстарын оның сенімді өкілдері аймақтарда белсенді жүргізіп жатыр. Олардың қатарында Дос Көшім де жүр. Ол саяси науқан бастау алған тұстан қазірге дейін сайлаушылармен кездесіп, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің атынан түсіп отырған үміткер жайлы ақпарат таратумен айналысты.

Соңғы жылдары еңбекақыға қатысты жұмысшылар наразы көбейген. Алайда  сот  тыңдаулары кезінде сот шешімі жұмыс берушінің пайдасына шыққан. Себебі бастапқыда әрбір жұмыскер кәсіпорынмен жеке және ұжымдық келісімшартты жасағанда көп нәрсеге мән бермейді.

Аманкелді Таспихов, ҚР Президенттігіне үміткер:

Шетелдік мамандарды кіргізбеу керек. Өзіміздің мамандар жеткілікті. Көпшілік жерде жеткілікті  бола тұрып әкеліп жатар, басқа жақтан. 

Семей өңірінде бүгінде тек білім саласы бойынша кәсіподақтың  400-ден астам салалық ұйымы жұмыс істейді. Оған 25 мыңға жуық маман мүше. Сондықтан ұстаздарға еңбегіне сай лайықты жалақы төлейтін уақыт жетті дейді белсенділер.

Жетісу жеріндегі сайлаушылармен кездесуде де айлықтағы аралық алшақтық мәселесі сөз болды. 

Біржан Нұрымбетов, ҚР Кәсіподақтар федарациясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бізде ең төменгі жалақы деген түсінік бар - 42 мың 500 теңге, егер де соны біз едәуір көбейтсек,одан жоғары жалақылар да өсер еді.

Салалық кәсіподақ ұйымдары құрылған мекемелер мен өндірістердің 98 пайызында ұжымдық келісімшарт жасалған. Сондықтан қарапайым  еңбеккердің құқығы қорғалуы үшін әрбір кәсіпорында өндірістік кеңестер  құрылуы тиіс.

Аналарға берілетін айлық жәрдемақыны үш есеге арттырып, жас отбасыларды пайызсыз тұрғын үй несиесімен  қамтамасыз ету қажет. Бұл үміткер Сәдібек Түгелдің бастаған топ өкілдерінің ұстанымы.

Венера Құттымұратова, көпбалалы ана:

Көпбалалы аналардың жағдайына жақсы қараған деп ойлаймын. Оларға қолдау көрсетіп, үлкен демеу көрсетеді. Жаңадан құрған отбасылар үшін де өте қолайлы жағдай жасалған.

Сондай-ақ, Сәдібек Түгел шалғайдағы елді мекендерден өндіріс орындарын ашып, ауылдардың тамырына қан жүгіртуді ұсынып отыр. Яғни жаңа ауыл өндірісі құрылымын енгізу қажет деп есептейді. Бұл бастама өңірлердегі жұмыссыздық мәселесін шешіп, қараусыз қалған елді мекендердің қайта жандануын қамтамасыз етпек.

Сәдібек Түгел, ҚР Президенттігіне үміткер:

Ауыл шаурашылығы өндірісі керек. Тек қана шикізат шығарумен емес, сол шикізатты өңдеумен, осылардың маңайында үлкен зауыт, фабрикалар болса, менің түсінігімде, сабылып жүрген жастар қаладан ауылға келер еді. 

Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы. Ұлт байлығын, ұрпақтан ұрпаққа мұра болған дәстүр сабақтастығын жалғастыратын да жастар. 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу