1998 жылдың 12 қаңтарында адамды клондауға тыйым салатын протоколға қол қойылды. Клон - (грек. clon – ұрпақ, өскін) дегенді білдіреді. Клон - өмірде болған немесе бар адамның арқасында эмбрион өсіріп шығару технологиясы. Алайда, оны жүзеге асыруда бірнеше кедергі бар. Біріншісі, технологиялық шектеулер мен қиындықтар. Клонның саналы болуы екіұдай мәселе. Сондықтан, өмірде бар адамға ұқсау мүмкін емес. Ал, терапевтік клондау эмбрионды 14 аптаға дейін өсіріп, әрі қарай одан бағаналы жасуша алуға мүмкіндік береді.
Бұған көптеген елдерде заңнамалық тыйым салынған. Себебі, адамды клондаудың әлеуметтік-этикалық мәселесі бар. Сәтсіз болған жағдайда аурудың, жетілмеген адамдардың көбеюіне әкеліп соғады. Одан бөлек, оның ата-ана қызметін кім атқарады және ұрпақ қалдыру мәселесі дау туғызады.
Сонымен қатар, басты діндер: ислам, христиан, будданың діни философиясы тұрғысынан адамды клондау бұл жаратушы ісіне араласу, оның жаратқанын қолдан түзетуге талпыну пенденің құқығы емес.
Клондау - ХХ ғасырдағы ғалымдар арасында ең көп таралған тақырыптардың бірі. Бұл тақырып төңірегінде неше түрлі фильмдер түсірілген. Осы орайда ғылымның сыртында қауесет әңгіме де көп. Оның қайсысы шын, қайсысы өтірік? Қоғам мұндай өзгерістерге дайын ба? Ғылымды не тежеп тұр? Клондаудың адамзатқа берер пайдасы қандай?
«Parasat maidany» хабарында қонақта болған биолог Өтемұрат Сағындықов пен физик Мағжан Қыстаубаев осы тақырыпқа байланысты өз ойларымен бөлісті.
Өтемұрат Сағындықов:
Бастапқыда клондау тек микроағза, өсімдік пен жануарларға қатысты мәселе болды. Мысалы, өсімдіктің өнімділігін, мал шаруашылығында жануардың тұқымын күшейтуге арналған әдіс болып танылды. Одан кейін терапиялық салада адамды клондауға немесе адамның морфологиялық, анатомиялық ерекшеліктеріне байланысты клондау жөнінде сұрақ туындай бастады.
1996 жылы Шотландияда клондау арқылы Долли саулығы бірінші болып өсірілді. Долли 6 қозы тауып, 6 жыл өмір сүрді. Бірақ кейбір сын-пікіршілер Долли қойы таза клон емес, екі аналық тізбектен алынған деген әңгіме айтылды. Алайда, Долли сүтқоректілердің ішінде клондаудың ең алғашқы бастамасы.
Мысалы, ЭКҰ клондаудың бір түрі болып табылады. Ғалымдар зерттеудің арқасында осындай жетістікке жетіп отыр. Клондау адамзатта бағаналы жасуша алу, емделмейтін гендік ауытқуларды емдеу, түзету, бала көтере алмайтын отбасына бала сыйлау, басқа да шешілмей жатқан ғылыми-биологиялық мәселерді шешеді. Демек, клондау мәселесі болашақта осы мәселелерді шешетін болады. Ғылым дамып жатыр. Көбінесе клондауға немесе жаңа дүниеге дін тежегіш.
Мағжан Қыстаубаев:
Клондау мистика емес. Өзімізді тежемеген болсақ, 1996 жылдан бастап биологтар зерттеу жүргізсе, осы уақытқа дейін адамды клондауға жете алатын едік деп ойлаймын. Өкінішке орай, клондауға шектеу қойылып, ғылыми жұмыстар тоқтатылды.
Халықаралық деңгейде клондауға шектеу қоюдың себебі қоғам мұндай өзгерістерге әлі дайын емес. Ол өзгерістер бізге қажет, бірақ саясат, адамдардың тұрмысы бұл мәселені әлі толықтай түсінбейді.
Ғылым моральді принциптерден тәуелсіз, бөлек сала ретінде дамуы керек. Менің ойымша, мораль – сатқын нәрсе. Неге десек, 50 жыл бұрын британдықтар компьютер атасы Алан Тьюрингті гомосексуал болғаны үшін жазалады. Ал, қазір гомосексуалды адамдарға тіл тигізуге болмайды. Неліктен? Себебі қоғамдағы мораль өзгерді. Ал, ғылым өзгермейді. Эйнштейн, Ньютонның заңдары әлі күнге дейін жұмыс істейді. Олардың арқасында спутник ұшып, ертең Марсқа аттанамыз. Сондықтан, ғылымға қоғам араласпауы керек.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.