Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Ұлттық бірыңғай тестілеудің және оқуға түсу емтихандарының қорытындылары туралы баяндады.
Министрдің айтуынша, биыл ҰБТ 15 рет өткізілді. 2004 жылдан бастап ҰБТ-ға 1,775 млн. мектеп бітіруші қатысты. Бұл барлық түлектердің 80 пайызын құрайды. 2017 жылға дейін ҰБТ екі функцияны атқарды: мектептегі оқуды аяқтайтын қорытынды емтихан және жоғарғы оқу орындарына түсу емтиханы.
«Тестілеудің бұл форматы 2017 жылы өзгерді. Енді қорытынды аттестаттау немесе бітіру емтихандары мектептерде өткізіледі, ал ҰБТ – жоғары оқу орнына қабылдаудың түсу емтиханы болып қалып отыр», - деді Ерлан Сағадиев.
2017 жылдан бастап «Алтын белгі» мектепте беріледі. Осы жылы «Алтын белгі» иегерлерінің саны 6800-ден асты.
Биыл талапкерлер үшін тестілеуден өту рәсімдерін жетілдіру мақсатында өзгерістер енгізілді.
Біріншіден, әр бітірушіге ҰБТ сертификатымен бірге ақпараттық парақ берілді. Онда сол баланың таңдаған профиліне сәйкес бара алатын мамандықтар тізімі, әр мамандыққа бөлінген грант саны, сондай-ақ, өткен жылғы грант конкурсының өту балы көрсетілген. Барлық маңызды және қажетті ақпарат әр түлекке ұсынылды.
Екіншіден, ҰБТ-ға белгілі жағдайға байланысты қатыса алмаған бітірушілерге келесі лекте немесе кешенді тестілеу аясында тест тапсыру мүмкіндігі берілді.
Үшіншіден, қабылдау кезінде бірыңғай колл-орталық іске қосылды.
Е.Сағадиевтің айтуынша, ҰБТ-ға қатысуға 100 мыңнан астам түлек өтініш берді. Олардың ішінде 75 пайызы - қазақ тілінде және 25 пайызы - орыс тілінде. Сәйкесінше, комиссияның шешімімен жалпы гранттардың 75 пайызы қазақ тілінде және 25 пайызы орыс тілінде білім алуға бөлінді.
Биыл ҰБТ-дан ең жоғары 140 балды бір оқушы — Алматы қаласының тұрғыны Шиара Құдайбергенова жинады.
Министр соңғы жылдары ҰБТ қорытындысы бойынша мектептер арасында рейтинг жүргізілмейтінін айтты.
Биыл барлығы ҰБТ-да 30 мыңнан астам тест тапсырмалары пайдаланылды. 243 апелляциялық өтініш түсіп, оның ішінде 101 өтініш қанағаттандырылды. Министрдің айтуынша, ҰБТ өткізу кезінде Республикалық штаб құрылды. Оның құрамына Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктерінің өкілдері кірді.
«Осы жылы тестілеу барысында 82 мыңнан астам тыйым салынған заттар, оның ішінде 54 мыңнан астам ұялы телефон, роутер, модем секілді және 28 мыңнан астам қағаз түріндегі заттар табылды. Мұндай фактілер жыл сайын кездесіп отырады. Бұл бағыттағы бақылауды әрі қарай да күшейтетін боламыз», - деп мәлімдеді Е. Сағадиев.
Қазіргі таңда мемлекеттік білім гранттарын тағайындайтын республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады. Байқау нәтижелері БАҚ-та жарияланды. Бұдан өзге, ҰБТ және КТ тапсырмаған және шекті деңгейден өтпеген балалар үшін тестілеуді қайта тапсыру 15–19 тамыз аралығында өткізіледі. Бұл тестілеуден шекті балды алмаса, өткен жылдағыдай ЖОО-ға бір семестрге оқуға қабылдау мүмкіндігі сақталып отыр.
Қорытындылай келе, Білім және ғылым министрі педагогтер қауымы мен ата-аналар тарапынан түскен ҰБТ мен КТ процесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарды жеткізді. Е.Сағадиев осы ұсыныстар тамыз кеңесінде кеңінен талқыланып, оның нәтижесі бойынша тиісті шешімдер қабылданатынын айтты.