Бүгін «Қазмедиа орталығында» «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасының таныстырылымы өтті.
Шараға «Қазақстан» РТРК Стратегиялық маркетинг департаментінің жетекшісі Жаннұр Айдарбекова мен қосымшаны жүзеге асырған компания басшысы Абай Серғазиев қатысты.
Аталмыш қосымша арқылы көрермен корпорация құрамына кіретін «Qazaqstan», «balapan» және «Qazsport» телеарналарының телеөнімдерін жоғары сапада тікелей эфирде көру мүмкіндігіне ие болмақ. Яғни, кез-келген жерде, кез-келген уақытта қалаған бағдарламаларын тікелей эфирдің браузері арқылы кіріп тамашалауға болады.
Стратегиялық маркетинг департаментінің жетекшісі Жаннұр Айдарбекованың айтуынша:
«Цифрландыру - уақыт және заман талабы. Елбасымыз өз Жолдауында ақпараттық-технологиялық шешімдерді енгізу қажеттігін айтқан болатын. Біздің корпорация да осы тың бастамадан тыс қалмауды көздеп отыр. Бұл қосымша арқылы әрбір қазақстандық өзіне қажетті бағдарламаны сақтау функциясы арқылы жүктеп алып, өзіне ыңғайлы уақытта көре алады. Сондай-ақ, бұл қосымшада басқа да функциялар бар».
Айта кетейік, «Qazaqstan TV» қосымшасының ерекшеліктері: жоғары сапалы тікелей эфирдің қолжетімділігі, бағдарламаларды сақтау мүмкіндігі, бағдарламаны ыңғайлы уақытта көру мүмкіндігі, жаңалықтарды аудио арқылы тыңдау және өзге де функциялардан тұрады.
Енді «Qazaqstan TV» қосымшасының көрермендері телерадиокорпорация құрамына кіретін «Qazaqstan», «balapan» және «Qazsport» телеарналарымен қатар, «Qazaq radiosy», «Shalqar radiosy», «Astana» және «Classic» радиоларын да еліміздің әр бұрышынан тыңдай алады.
Айта кетейік, «Qazaqstan TV» қосымшасы AppStore және Play Market сервистерінде қолжетімді.