Көпен Әмірбек: Мені әзілге алып келген бейтаныс әженің сөзі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпен Әмірбек: Мені әзілге алып келген бейтаныс әженің сөзі

01.04.2018

Бүгін 1-сәуір - Күлкі күніне орай, сатирик, «Парасат» орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек «Дара жолдың» басты кейіпкері болды.

«Атымды әжем қойған. Бір күні «Өсімдік атаулары» деген кітапты оқып отырған кезімде арасынан көпен сөзі шықты. Сөйтсем, ол шөптің аты екен. Шалғыорақпен орған кезде бірінші қатарды қазақтар көпен деп атаған көрінеді. Егер он көпенді жинасаң, көпене, он көпөнені жинасаң, шөмене, ал, егер он шөменені жинасаң, мая-мая шөп болады екен. Сондықтан, әжем ырымдап, «тұңғышым ғой, бала-шаға көп болсын, көпен, болсын көпене болсын, мая болсын» деп қойған екен», - деді белгілі сатирик өз есімі жайлы.

Сонымен қатар, хабар барысында Көпен Әмірбек сатира әлеміне қалай келгені жайлы айтып берді.

«Мектеп бітірген соң 10 ай ауылдағы Халық театрында автокөлік меңгерушісі болып жұмыс істедім. Бірақ, автокөлік жүргізбедім. Бір жылда 4 спектакльде ойнадым. Ән сала алмаймын, домбыра да тарта алмаймын. Содан театрда Асқар Тоқтамағамбетов, Оспанхан Әубәкіровтың сықақтарын оқып, конферансье болып жүрдім. Бір күні совхозға барып, жаттап алған сықағымды айта бастап едім, қарсы отырған әже «осыдан басқа сықақтарың жоқ па, әнеугүні келген әртістер де осыны оқыды, өткен жылы осыны оқыды, енді сен тағы оқып тұрсың. Басқасын оқы», - деді. Сол күннен бастап неге ешкім естімеген сықақ жазбасқа деп ойлана бастадым. Сол себепті, бейтаныс әжеге рахмет айтамын. Өйткені, мені әзілге алып келген сол әженің сөзі», - деді Көпен Әмірбек. 

Бұдан бөлек, хабар барысында сатириктің отбасы, шығармашылығы туралы және бала кезіндегі естеліктері айтылды.

Хабарламаларға жазылу