Нұрлан Жанай: Бізге ағылшын тілін меңгеріп, қазіргі гаджеттерді түсіну қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрлан Жанай: Бізге ағылшын тілін меңгеріп, қазіргі гаджеттерді түсіну қажет

13.01.2018

«Парасат майданы» хабарының жұма күнгі шығарылымы 11 жыл бұрын орын алған және адамзаттың келбетін өзгерткен оқиғамен байланысты болды. Нақтырақ айтсақ, бірінші Iphone-ның таныстырылымы.

Бағдарламада ІТ саласының мамандары Нұрлан Жанай және Дархан Қуанышбай қонақ болды.

Хабар барысында Дархан Әбдік студия қонақтарымен бірге алғашқы Iphone-ның таныстырылымынан кейін басталған «жаңа дәуір» жайлы сараптауға тырысты. Соның ішінде технологиялар арқылы ауыл мектептерінің сапасын көтеру, ауыл мен қала медицинасының сапасын теңестіру мәселесіне тоқталды.

Дархан Әбдік:

- Қаладағы мықты мамандардың ауылдағы балаларды интерактивті түрде математика, физикаға дайындауға мүмкіндігі бар. Неге осындай жұмыстар бізде ұйымдастырылмаған? Себебі, бізде ауыл мен қала мектебінің, медицинасының арасындағы айырмашылық жер мен көктей.

Нұрлан Жанай:

- Қазір заманға сай онлайн дүниелер жасауға болады. Мысалы, әр ауылға барып, сабақ өткізгенше, онлайн түрде вебинар өткізсе, оны бүкіл Қазақстан көре алады. Оның артықшылығы - оқытушы оффлайн түрде жылына максимум мың адамды оқытса, онлайн түрде жүз мың адам оқытуға болады. Бұдан бөлек, қазақ тілінде мұндай қадам жасап жатқандар өте аз. Мәселен, қазақ тілінде ағылшын тілін оқытатын методика жоқ. 27 жылдың ішінде қаншама ағылшын тілі мамандары шықты, олардың не істегенін білмеймін. Бірақ, қарапайым түрде ағылшын тілін меңгеру жолының методикасын ешкім жасамаған. Мен ІТ маманы бола тұра соның сұлбасын, бастапқы деңгейін жасап шықтым. Себебі, біздің қоғам тек қазақ тілімен өркениетке жете алмайды. Бізге ағылшын тілін меңгеріп, қазіргі гаджеттерді түсіну қажет. Қазіргі таңда ақпараттың 80 пайызы ағылшын тілінде. Біз ағылшын тілін үйренгенде ғана шетелдік алып ІТ компаниялардың философиясын түсінеміз.

Сонымен қатар, Нұрлан Жанай үштілділікке қатысты айтылып жүрген «тілімізден айырыламыз» деген пікірге тоқталды.

Нұрлан Жанай:

- Комплекстің етімізге сіңіп кеткені соншалықты, қазақ тілін ғана білетінімізді кемшілік ретінде санамай, оны артықшылық деп көреміз. Менің ойымша, ол надандықтың белгісі.  

Хабарламаларға жазылу