Биыл  Шымкентте 6 мың адам заман талабына сай бірнеше тілді меңгеріп шықпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл  Шымкентте 6 мың адам заман талабына сай бірнеше тілді меңгеріп шықпақ

04.03.2019

Биыл  Шымкент қаласында 6 мыңнан астам адам заман талабына сай бірнеше тілді меңгеріп шықпақ. Басымдық - қазақ тілі мен латын әліпбиін оқытуға беріледі. Осы мақсатта тіл үйрету әдістемелік орталығы мемлекеттік қызметкерлерге латын әліпбиін тегін үйретуді бастады. Сондай-ақ биылғы жастар жылына орай өскелең ұрпаққа ағылшын тілін оқытатын арнайы топтар жасақталды.

Жоғары оқу орнында оқитын Асқар келешекте білімін шетелде жалғастырғысы келеді. Мақсатына  жету үшін қазір орталық мамандарының көмегімен ағылшын тілін терең меңгеріп жатыр.

Асқар Қалдарбек, студент:

- Магистратураны оқығым келеді. Ол үшін бастапқы сатыларынан бастап, ағылшын тілін өтіп жатырмыз.

Ал, Шымкент қаласындағы мамандандырылған әкімшілік сотының қызметкерлері болса, 1,5 айдан бері латын әліпбиін меңгеруде. Жаңа графиканы үйренуге өзгелерден бұрын талаптанған топта оннан астам судья  бар.

Серік Ниязбек, Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы:

- Латын әліппесінен үй тапсырмасы ыретінде диктанттар, ауызша тапсырламалар береді. Жазуды үйреніп жатырмыз. Сол арқылы ертең дайын боламыз.

Былтыр Шымкент қаласындағы мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін 1668 қызметкер осы орталықта тіл үйреніп шыққан. Оның 948-і қазақша тіл сындырса, 595-і ағылшынша, 125 адам орысша оқып-жазуды меңгерген. Тіл үйретуде қазіргі заманға сай озық оқу-әдістемелер қолданылады.

Нүрилә Жұманова, Тіл үйрету әдістемелік орталығының басшысы:

- Сандық жүйеге көшуімізге байланысты Google базасында тіл үйретудің бағдарламалары бар.Соны, жаңа технологияларды пайдаланып, әлеуметтік желі, стенд жүйесі арқылы тіл үйренудің озық тәсілдерін ұсынып отыр.

Орталықтың осындай озық іс-тәжірибесін өзгелерге үйрету үшін арнайы семинар кеңес ұйымдастырылды. Оған көрші Түркістан, Жамбыл, Қарағанды облыстары мен Астана қаласынан келген тіл мамандары қатысты. Тәжірибе алмасуға негізделген басқосуда тіл үйретудің инновациялық амал-тәсілдеріне негізделген ашық сабақтар өткізілді.   

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу