Жыл соңына дейін Google Translate жүйесіне қазақ тілі қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл соңына дейін Google Translate жүйесіне қазақ тілі қосылады

15.10.2014
Жыл соңына дейін Google Translate жүйесіне қазақ тілі қосылады

Қазақ тілін «Google Translate» жүйесіне қосуға тіл жанашырлары жұмылса игі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «WikiBilim» қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Рауан Кенжеханұлы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жобаның іске қосылғанына екі жылдан астам уақыт өткен. Бастамашылар тобы «WikiBilim» қоры жобаға жанашыр болатын, қазақ және ағылшын тілін білетін қауымдастық құруға, соның көмегіне сүйенуге тырысқан еді.

«Жалпы, «WikiBilim» қоры интернеттегі қазақтілді контентті дамытумен айналысады. Бұл ретте әлемде кеңінен қолданылатын «Google-аудармашы» жүйесінде қазақ тілінің де болуы біз үшін өте маңызды деп санаймыз. Бір жағынан, бұл қазақ тілін меңгеріп жүрген  ортаға көмекші құрал, екінші жағынан түрлі мәтін жазатын мамандарға, соның ішінде тілшілерге, ғылымға көп көмек болады деп сенеміз. Өйткені, «Google-аудармашы» сияқты қызмет тек жекелеген сөздер, сөз тіркестерін ғана емес, үлкен мәтіндерді, соның ішінде толықтай веб-парақтарды аударуға мүмкіндік береді», - дейді Қордың жетекшісі Рауан Кенжеханұлы.

Бүгінде күн сайын әлемде «Google-аудармашы» қызметін 200 миллион адам пайдаланады. Яғни, екі тілді қатар қолданатын қоғамда немесе ортада толықтай осы жүйе пайдаланылып отыр деген сөз.

«Осы бастаманы қолға алған кезде Google-мен байланысқа шықтық, олар бұл жұмысты өздері жасай алмайтынын айтып, бірақ платформаның жаңа тілді қабылдауға дайын екенін жеткізген еді. Бірақ бұл үшін сол тілде сөйлейтін ортаның өзі жүйені ағылшын және қазақ тілдеріндегі өте көп, қатесіз аударма материалдармен қамтамасыз ету керек болатын.  Соның негізінде Google-дың аударма жүйесі қазақ тілін игеріп алып кете алады. Бұл жұмыстың бірінші кезеңі атқарылды», - дейді Рауан Кенжеханұлы.

Оның айтуынша, ендігі күні жобаның екінші кезеңіне кірісу қажет. Бұл ретте «Google» қазақ және ағылшын тілінде жасалған аудармаларды бағалау керектігін алға тартқан.

Осыған орай, тіл жанашырлары http://translate.google.kz/community сілтемесі арқылы «Google Translate + Kazakh» жобасындағы аудармаға өз үлесін қоса алады. Тұтастай алғанда жоба жемісті жүргізілсе, қазақ тілі Google Translate жүйесіне 2014 жылдың соңына дейін қосылмақ. 

Хабарламаларға жазылу