Жуырда Талғат Мұқыштың «Сыбызғы үйрену мектебі» атты кітабы жарық көрді. Сыбызғышы бағдарлама қонағы болып, осы өнердің мән-жайымен таныстырды.
«Әрбір музыкалық аспаптың мектебі болады. Сол мектеп бағдарламасы бойынша болашақта белгілі маман шығады. «Сыбызғы үйрену мектебі» атты кітап - Қазақстанда осы өнерді меңгеру бойынша жазылған алғашқы еңбек.
Сыбызғы кәсіби мектебінің қалыптасатын жөні бар. Алайда, сыбызғы ойнай алатын көптеген ұстаздар соғыстан қайтып келмеді. Біразы ұмытылып кетті. Шәкірттерді тәрбиелейтін адам болмады. Егемендік алғалы сыбызғы мектебі қолға алынды.
Мен Башқұртастанда оқып келдім. Ол жақта бұл өнер жақсы дамыған. Сыбызғы - табиғаттың тылсымы. Болмысы әлі өзгермеген. Ол - шетте тұрып жатқан қазақтардың ортақ өнері. Моңғолия, Қытай еліндегі қазақтар оны бүгінгі күнге дейін ұмытпай, дәріптеп келе жатыр», - дейді Талғат Мұқыш.