Бүгін «Balapan» телеарнасының туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін «Balapan» телеарнасының туған күні

27.09.2017
Бүгін «Balapan» телеарнасының туған күні

Бүгін қазақ телевизиясы тарихындағы тұңғыш балалар арнасы - «Balapan» телеарнасына 7 жыл. Телеарна «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамында 2010 жылдың 27 қыркүйегінде ашылды.


3-12 жас аралығындағы балаларға арналған арна 2012 жылдың 1 қазанынан HD форматта хабар тарата бастады. Бұл бағдарламалардың сапасын арттыруға ықпал жасады. Бүгінде телеарна 17 сағат бойы кабельдік, спутниктік жүйемен эфирге шығуда.


Телеарна жаңа маусымда «Қалқанқұлақ» телехикаясы және «Алан мен Қозықа» мультхикаясы, «Саядан хат» реалити-шоуы сияқты хабарлармен бірге, «Ақ сандық - көк сандық», «Кел, ойнайық!», «Үй тапсырмасы», «Не? Қайда? Қашан?», «Балапан news» сияқты бағдарламаларын тікелей эфирде ұсынуда. 


Сонымен қатар, көрермендердің сұрауы бойынша «Шытырман», «Күлдір-бүлдір», «Еркетай» сынды бағдарламалардың жаңа бөлімдері көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ, кішкентай бүлдіршіндерге әлемдік мультхикаялардан «Элвин және ақсары тышқандар», «Теңіз қарақшылары және капитан», «Кеми экспедициясы» туындылары тарту етіледі. 


Ал, ең өнерлі балалар «Балапан жұлдызда». «Balapan» телеарнасындағы ең ауқымды жоба «Балапан жұлдыз» жаңа маусымда көрерменге тағы жол тартты. Шоу-концертте өнерпаздар домбырамен ән айтып, күй тартып, әнші, бишілер ерекше жанрда өнер көрсетеді.


Тағы бір айта кететін жайт, жылдағы дәстүр бойынша жаңа маусым алдында телеарна ұжымы балалар және ата-аналармен бірге дәстүрлі түрде кездесу өткізді. Ол жерде жаңа бағдарламалар мен мультхикаялар туралы балалардың пікірі тыңдалды. 


Айта кетейік, «Balapan» телеарнасы жеті жылдық мерейтойы қарсаңында өткен «Самға, Балапан» мерекелік концертін бүгін сағат 19:35-те «Balapan» арнасынан тамашалай аласыңдар.

Хабарламаларға жазылу