Бүгін – «Балапан» телеарнасының туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – «Балапан» телеарнасының туған күні

27.09.2014
Бүгін – «Балапан» телеарнасының туған күні

Қазақ телевизиясындағы тұңғыш балалар телеарнасы - «Балапан» бүгін 4 жасқа толды. Телеарна 2010 жылдың 27- қыркүйегінде «Қазақстан» РТРК АҚ-ның құрамында ашылған. 3-12 жас аралығындағы балаларға арналған телеарна тек қазақ тілінде хабар таратады.

Телеарна кішкентай көрермендеріне танымдық, спорттық, интеллектуалдық ойындар мен музыкалық шоу, отбасылық хабарлар, анимациялық мультфильмдер, ғылыми-танымдық, интерактивті бағдарламалар мен балаларға арналған телехикаялар ұсынады.

Бүгінде «Балапан» балалардың айнымас серігіне айналды. Бүлдіршіндердің ой-өрісін дамытып, зерде-зейінін ұштайтын, тәлім-тәрбие беретін, ұлттық тарих пен салт-дәстүрді санасына сіңіретін сан түрлі бағдарлама жасалды.

Еліміздегі балаларға арналған бірден-бір телеарна биыл жаңа маусымды тың жаңалықтарымен бастады. Телеарнаның balapantv.kz cайты балаларға арналған түрлі ойын, жаңалық, танымдық материал мен қызықты ақпарат ұсынады. Сондай-ақ, сайттан бағдарламалар, мультхикаялар мен телехикаялардың барлық бөлімін тамашалауға болады.

Төрт жыл ішінде «Балапан» телеарнасы өзінің кішкентай көрермендерін көптеген жағымды жаңалығымен қуантты. Атап айтқанда, «Балапан news» жаңалықтар топтамасы, тікелей эфирде «Ойлан, тап!» интерактивті бағдарламасы және жоғары сапалы Motion Capture жанрында қысқаметражды фильмдер топтамасы көрермендерге жол тартты.

Сондай-ақ, «Томпақ» атты балаларға арналған тұңғыш фантастикалық телехикаяның жалғасын түсірілді. Көрермендеріне компьютердің қыр-сырын үйрететін - «Чип пен Байт», кішкентай көрермендеріне арналған - «Әли мен Айя», әлі оқып, жаза алмайтын балаларға арналған - «Балапан және оның достары», «Білгім келеді!», қоршаған орта туралы - «Данышпан қарға», тарихи-анимациялық  «Ерден атаның әңгімелері» мультхикаяларын ұсынды.

Сән әлемімен таныстыратын «Әдемі-ай» бағдарламасы көрермендер көңілінен шықты. Жас ұрпақты ғылым мен білімге бейімдеу  мақсатында «Білгіштер бекеті», «Кибермен»,  «Сиқыр сыры» сынды бағдарламаларын ұсынды.

Хабарламаларға жазылу