Ерлан Қарин: Қытай киносы фестивалінің ұйымдастырылуы - мәдениеттерімізді жақындастырудың жаңа көпірі (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерлан Қарин: Қытай киносы фестивалінің ұйымдастырылуы - мәдениеттерімізді жақындастырудың жаңа көпірі (ВИДЕО)

07.06.2017

«Қазмедиа» орталығында Қытай киносы фестивалінің ашылу салтанаты өтуде. Шараның бас ұйымдастырушылары - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы мен ҚХР Баспасөз, баспа, радио, кино  және телевизия ісі жөніндегі мемлекеттік басқармасы.

 «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин фестивальдің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде екі елдің мәдени байланысы ежелден пайда болғанын атап өтті.   

«Ұлы дала елі мен Қытай байланысы, достығы мен өзара қарым-қатынас тарихы мыңдаған жылдардан бастау алады. Біздің халықтарымыздың байланысы біздің дәуірімізге дейінгі заманннан бастап өрбиді. Сол кездегі екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынас нәтижесінде Ұлы Жібек жолы бой көтергені тарихтан белгілі. Енді міне, Ұлы Жібек жолын қайта жандандыруға тарих жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Осыдан төрт жыл бұрын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мырза  алғаш рет Қазақстанға ресми сапармен келгенде тұңғыш рет «Бір белдеу, бір жол» жобасын құру идеясын жариялаған болатын. Бұл шындығында да тарихи бастама еді. Өз кезегінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2014 жылы Қазақстанда «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы жарияланды. Оның көздеген мақсаты – елдің әлеуетін көтеру. Бұл жоба «Жібек жолы» экономикалық белдеуі экономикасымен толықтай ұштасып жатыр»,- деді. 

Сондай-ақ, Ұлы дала елі баяғыдан өркениеттер арасын байланыстыратын алтын көпір рөлін атқарып келе жатқанын айтты.

«Ол арқылы екі ел арасында экономикалық қатынастармен бірге, рухани және мәдени байланыстар қалыптасты. Ендеше, бүгінгі бастама – мәдениеттерімізді жақындастырудың жаңа көпірі», - деді Басқарма төрағасы.

Айта кетейік, Қытай киносы фестивалі Астанада 7-18 маусым аралығында өтеді. Елордалықтар мен қала қонақтары фестиваль аясында «Іле өзені», «Шынайы махаббат», «Гүлім», «Қатерлі ісік мырза, кетіңіз», «Қасқыр тотемі» сынды туындыларды тамашалай алады.

 

Хабарламаларға жазылу