Министр Дәурен Абаев Қытай жерінде қазақстандық кино фестивалін өткізуді ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Министр Дәурен Абаев Қытай жерінде қазақстандық кино фестивалін өткізуді ұсынды

07.06.2017

«Қазмедиа» орталығында Қытай киносы фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Шараға қатысқан ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі  Дәурен Абаев кинофестивальдің маңыздылығын айта келе, келесі шараны Қытай жерінде «Қазақстандық киноның фестивалі» атымен өткізуді ұсынды.  

«Бүгінгі фестивальдің еліміз үшін халықаралық EXPO көрмесінің қарсаңында өткізілуі маңызды. Шараға әйгілі Джеки Чан мырзаның арнайы келгеніне айрықша қуаныштымыз. Біздің халқымыз Джеки мырзаны кино әлемінде әділдік, ізгілік, достық сияқты құндылықтарды насихаттаушы әрі өнердің шынайы жанашыры деп біледі. Сондықтан, бұл оқиға  фестивальдің маңыздылығын арттыра түсетіні сөзсіз. Кинофестиваль қос мемлекеттің арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайта түсетініне сенімдімін. Сол себепті, осындай шараны жүйелі түрде өткізу қажет», - деді Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев.

Сондай-ақ, Дәурен Абаев қытайлық әріптестерге келесі фестивальді Қытай жерінде «Қазақстандық киноның фестивалі» атымен өткізуді ұсынды. «Өз кезегінде қытайлық әріптестер осы ұсынысты қолдайды деп сенемін», - деді министр.

Айта кетейік, 7-18 маусым аралығында Астанада өтетін Қытай киносы фестивалі аясында елордалықтар мен қала қонақтары «Іле өзені», «Шынайы махаббат», «Гүлім», «Қатерлі ісік мырза, кетіңіз», «Қасқыр тотемі» сынды туындыларды тамашалай алады. 

 

Хабарламаларға жазылу