Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің кездесу қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің кездесу қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды

23.03.2017
Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің кездесу қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Ш.Мирзиёев мемлекетаралық қарым-қатынастың дамуына негіз болған және өзара сенім мен іскерлік сипатындағы келіссөздер үшін Қазақстан басшылығына алғыс білдірді.

– Бұл сапарды Самарқандта өткен ашық әңгімеміздің жалғасы деп санаймыз. Бүгінгі бизнес-форум өзбек тарапының сауда-экономикалық байланыстарымызды дамытуға деген шын ниетін көрсетеді, – деді Өзбекстан Президенті.

Өзбекстан Республикасының басшысы екі мемлекеттің халқының достығын нығайту ісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін атап өтті. Сондай-ақ, Ш.Мирзиёев парламентаралық және өңіраралық байланысты жандандырудың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу соңында екі елдің басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері  үшін бірлескен брифинг өткізді.

Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің кездесу қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету және тату көршілікті нығайту туралы бірлескен декларация;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы өңіраралық ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық жөніндегі стратегия;

– Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Өзбекстан Республикасының Үкiметi арасындағы Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау туралы келiсiмге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;

– 2006 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;

– Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2017-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі бағдарлама;

– Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрлігі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісім.

 

Хабарламаларға жазылу