Бүгін ҚР ҚМ 91678 әскери бөлімінің (өңірлік қолбасшылығы) аумағында Жуалы ауданындағы қар көшкінінен қаза тапқан әскери қызметшілермен қоштасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қаза тапқан әскерилердің мәйіті туыстарына жеткізіледі. Жерлеу рәсімінің уақытын отбасылардың өздері шешеді. Қаза тапқандардың төртеуі Жамбыл облысында тұратындығы белгілі.
24 жастағы келісімшарт қызметіндегі қатардағы жауынгер Тілеужан Кеңесов, 22 жастағы қатардағы жауынгер Мақсат Шәкен, 26 жастағы ефрейтор Мұхит Тұрысмағанбетов - Жуалы ауданының, 25 жасар кіші сержант Әуесбай Ерісбаев - Тараз қаласының тумасы. Алматылық аға лейтенант Әлішер Мошабаев пен кіші сержант Мақсат Қыдырбаев небәрі 26 жастарында көз жұмды. 29 жастағы кіші сержант Әмір Аралбаев ОҚО тұрғыны болған.
Қаза тапқан әскерилердің отбасыларына өтемақы беріледі. Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 51 бабына сәйкес әскери қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза болған (қайтыс болған) жағдайда соңғы қайтыс болар (қаза болар) күні атқарған лауазымына сәйкес 5 жылдық ақшалай үлес көлемінде бір реттік өтемақы төлеу қарастырылған.
Бұл мәселе ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың жеке бақылауында.