Терроризм мен экстремизм жыл сайын қауіпті мәселеге айналып барады - Нұрлан Нығматулин - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Терроризм мен экстремизм жыл сайын қауіпті мәселеге айналып барады - Нұрлан Нығматулин

22.09.2016
Терроризм мен экстремизм жыл сайын қауіпті мәселеге айналып барады - Нұрлан Нығматулин

Елордада өтіп жатқан дөңгелек үстел отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин осылай деді.

«Баршаңыз жақсы білесіздер, еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың бейбіт өмірі  - ол біздің баға жетпес байлығымыз. Осыны сақтап, қорғап, одан ары дамытуға үлесу қосу - бәріміздің абыройлы міндетіміз. Елбасы Н.Назарбаев Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстанның қауіпсіздік мәселесіне әрқашан да ерекше назар аударып келеді. Бүгінгі күні осы бағытта елімізде көптеген жұмыстар атқарылды. Бірақ, өздеріңіз көріп жүргендей, терроризм мен экстремизм жыл сайын қауіпті мәселеге айналып барады. Бұл тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемдегі проблема», - деді Н.Нығматулин.

Осы орайда Мәжіліс спикері терроризм мен экстремизмге қарсы күрес бойынша Елбасы нақты тапсырмалар беріп, оның орындалу жолдарын да көрсеткенін еске салып өтті.

«Ең бастысы, бұл мәселеге бүкіл қоғам қатысып, шынайы қолдауды көрсетіп отыр. Осының нәтижесінде біз де пікір жүргізіп, сапалы, тиімді және өткір заң жобасын әзірлеу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл біз үшін ерекше маңызды»,-деді ол.

Сонымен қатар, спикер заң жобасын талқылауға Парламент депутаттарымен қатар тисті органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен Мәжіліске кірмеген барлық партиялардың мүшелері, журналистер, елімізге белгілі саясаткерлер  тартылғанын айтты.

«Президентіміз Н.Назарбаев айтқандай, осының барлығы еліміздің әрбір азаматын қорғауға, заңның тиімді жұмыс істеуіне, мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтауға зор ықпал ететін болады. Осы заң жобасы бойынша 5 кодекс пен 19 Заңға өзгерістер енгізіледі»,-деді Н.Нығматулин.

Дөңгелек үстел отырысы «Қазіргі кезеңдегі экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен жолын кесудің заңнамалық және институционалдық шаралары» тақырыбында өтіп жатыр.

Хабарламаларға жазылу