«Ұлы дала ойындары» ұлттық спорт түрлерінің фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ұлы дала ойындары» ұлттық спорт түрлерінің фестивалі өтті

30.05.2016
«Ұлы дала ойындары» ұлттық спорт түрлерінің фестивалі өтті

Алматыда Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен алып шаһардың 1000 жылдығына арналған «Ұлы дала ойындары» ұлттық спорт түрлерінің фестивалі өтті. Қазақстанның әр түкпірінен қатысқан спортшылардың алқалы сайысы «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында жүрді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қала әкімі мәдени - рухани мұра мен спорттық түрлі шаралардың қанат жайып келе жатқандығын айтты. Айтыс және термемен бірге ел арасында көкпар, күрес, жамбы ату және басқа да спорттық шаралар кең тарауда.

«Тәуелсіздік алғалы бері ұмыт қалған дәстүрлі ұлттық спорт түрлері жаңғыра түсуде. «Ұлы дала ойындары» тарихи турнирінің 85 жылдық тарихы бар Алматы ипподромында өтуінің символикалық мәні бар» - деді Б.Байбек.

«Ұлы дала ойындары» турниріне ұлттық спорттың 8 түрі енген. Мысалы, 25 шақырым аламан бәйгеде алматылық Олжас Арықбаев үздік атанды. Аударыспақта Ермахан Рахматулла алдына жан салмады. Теңге ілуде Ақылбек Қымызбаев жеңімпаз атанса, қыз қууда Айдария Әлихан мен Ерболат Әбдіразақ жүлдеге ие болды. Жамбы атуда тараздық Елдос Бадашев жеңіске жетсе, асық атуда Алматының «Дорожник-2» командасы суырылып алға шықты, тоғызқұмалақта Оңтүстік Қазақстан облысының командасы тұғырға көтерілді. Көкпарда Астананың құрама командасы көш бастады.

Негізгі ойындардан басқа құс салу, аңшы иттердің көрмесі ұйымдастырылып, өзге де шаралар өтті.

Хабарламаларға жазылу