2005 жылдан бастап 2016 жылдың бірінші тоқсанына дейін Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанның экономикасына 2 млрд доллар инвестиция тартылған. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде журналистерге брифинг өткізген Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Лама-Шариф мәлім етті.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мәліметіне сүйенсек, 2005 жылдан бастап 2016 жылдың бірінші тоқсанына дейін Әмірліктерден еліміздің экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 2 млрд. долларды құрайды», - деп мәлім етті Елші.
Астана экономикалық форумының пленарлық отырысында Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның экономикасына 255 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылғанын айтқан еді. Қ.Лама-Шариф те бұл сөзді еске сала отырып, осы инвестицияның 2 млрд доллары - Біріккен Араб Әмірліктеріне тиесілі екенін атап өтті.
«Сондай-ақ, біздің экономикамызға 2013 жылы - 532 млн доллар, 2014 жылы - 198 млн долар, 2015 жылдың алты айында - 50 млн доллар тартылған», - деп хабарлады Қ.Лама-Шариф.