Олимпиада чемпионы Василий Жиров қазақстандықтарды Қанат Исламды қолдауға шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиада чемпионы Василий Жиров қазақстандықтарды Қанат Исламды қолдауға шақырды

07.05.2016
Олимпиада чемпионы Василий Жиров қазақстандықтарды Қанат Исламды қолдауға шақырды

Атланта Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер Кубогының иегері, кəсіпқой бокстан Әлем чемпионы Василий Жиров Алматыға келді.

Туған елі Қазақстанға жасаған сапарында боксшы әріптесі, былғары қолғап шебері Қанат Исламның 9-шы мамыр күні өтетін жекпе-жегін тамашалап, барша қазақстандықтарды қазақ ұлын қолдауға шақырды. Сонымен қатар, ол Исламның биік белестерді бағындырып, Әлем чемпионы болатынына сенім білдірді.

«Санаулы күндерден кейін таңғы сағат 7-де өтетін кездесуді тамашалауға шақырамын. Геннадий Головкин секілді Қанатты да қолдаңыздар», - деді Жиров.

Айта кетейік, Қанат Исламның жекпе-жегінің тікелей көрсетілімін «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан 9-шы мамыр күні сағат 07:00-де тамашалай аласыздар. Спортта «Қазақ» атымен танымал болған Қанаттың бұл жолғы қарсыласы 28 жастағы колумбиялық боксшы Хуан де Анхель.

Кәсіпқой боксқа 2012 жылы ауысқан Қанат Ислам бұған дейінгі өткізген 20 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жеткен. Оның ішіндегі 17 кездесуде отандасымыз қарсыластарын нокаутқа түсірген.

Ал, Хуан Де Анхельге келер болсақ, колумбиялық боксшы 2008 жылдан кәсіпқойлар арасындағы сындарға қатысып келеді. Шаршы алаңда 22 жекпе-жек өткізіп 18-ін жеңіспен яқтаған. Үшеуінде Де Анхельдің қарсыластары басым түссе, бір кездесу (Хуанның кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегі) тең нәтижемен аяқталған.

Хабарламаларға жазылу