Қызылордада Батырхан Шүкенов атындағы республикалық әншілер конкурсы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада Батырхан Шүкенов атындағы республикалық әншілер конкурсы басталды

28.04.2016
Қызылордада Батырхан Шүкенов атындағы республикалық әншілер конкурсы басталды

Конкурсты облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ұйымдастырды. Мақсат - Қазақстан мен Ресей эстрадасының жұлдызы, танымал музыкант, әнші-композитор Батырхан Шөкеновтың ән мұраларын, шығармашылығын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау.

«Байқауға республиканың әр түкпірінен 18-30 жас аралығындағы 230 адам қатысуға тілек білдірді. Солардың ішінен 26-сы іріктеліп алынды», - деді басқарма басшысы Ержан Әбдірахманов.

Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Рымбаева бастаған қазылар алқасының құрамында композитор-музыкант Наджиб Вильданов, композитор, дирижер, музыкант Яков Хан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов, әнші Мәдина Сәдуақасова бар.

«Қатысушылар ережеге сәйкес, әнші репертуарынан және еркін тақырыпта бір-бір әннен орындауы тиіс. Бұл жастар үшін үлкен мектеп болары сөзсіз. Жас орындаушылар Батырханның дейгейіне жетуге талпынуы керек», - деді Роза Рымбаева.

Екі күнге созылатын өнер додасының лауреаттары қорытынды Гала-концертте өнер көрсетеді. Айта кетейік, конкурс бұдан былай екі жылда бір рет өткізіледі.

Хабарламаларға жазылу