Қызылордада Батырхан Шүкеновке арналып ескерткіш қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада Батырхан Шүкеновке арналып ескерткіш қойылды

18.05.2018

Бүгін  - әнші-композитор Батырхан Шүкеновтің туған күні. Тірі болғанда ол 56 жасқа толар еді. Аққан жұлдыздай өмірден ерте озған талант иесін туған жері құрметпен еске алды. Облыс орталығында әншіге арналып ескерткіш қойылды. Батырхан Шүкенов атындағы «Отан - Ана» республикалық әншілер конкурсы  өтті.

Батырханның әндері әуелеген кеште көпшілік сыршыл әуезге елітіп сүйікті ұлына деген сағынышын басты.  «Отан-Ана» деп соққан перзенттің  жүрегінің лүпілін сезінді.

Өмірін әнмен өрнектеген Батырхан қазақтың ғана әншісі емес, әлемнің әншісі болды.  Ол адамзатқа әнімен, музыкамен қуаныш сыйлады. Сырдың сыршыл әншісін елімен қауыштырған өнер байқауында оңтүстікқазақстандық Ерік Төленов бас жүлдеге ие болды. 

Ерік Төленов,  жарыс жеңімпазы:

- Батыр аға мен үшін әлемдік деңгейге сай  орындаушы, композиторлардың бірі болатын. Ол кісіні нағыз музыканттар бағалады.  Оның әндерін сүймеу мүмкін емес.

Тура екі күннен кейін  Батырдың жаңа альбомы жарыққа шығады. Ол жинаққа  бұрын-соңды ешкім естімеген  13 жаңа әуен  енген. Онан бөлек, Батырхан Шүкеновпен тығыз жұмыс істеген композитор Ринат Гайсин әншінің тағы бірнеше әнін өңдеп, жаңартып, жарияламақ.

Ринат Гайсин,  композитор-продюсер:

- Тарихта қалу үшін нағыз музыкант әнді жүрекпен жазу керек.    Батырханның әр әнін айтқаны ол бір бөлек тарих. Менің ойымша, мұндай кісілер 100 жылда шынында бір рет туады.

Батыр сахнада соңғы рет  «Маған көктем көмектеседі» әнін шырқаған.   Бірақ, ғазиз жүрек сол көктемде соғуын тоқтатты. Десе де, әнішінің есімі  әр қазақтың жүрегінде қалды.  Бүгін Батырдың балалық шағының куәсі болған саябақтың дәл ортасына еңселі ескерткіш қойылды. Отан ананың ұлы, қазақтың Батырханы елі барда ешқашан ұмытылмайды. 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

 

 

 

Хабарламаларға жазылу