«Астана» радиосы Батырхан Шүкеновпен болған соңғы сұхбатты ұсынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана» радиосы Батырхан Шүкеновпен болған соңғы сұхбатты ұсынады

30.04.2015
«Астана» радиосы Батырхан Шүкеновпен болған соңғы сұхбатты ұсынады

Бүгін «Астана» радиосында сағат 15:20-да «Алтын қорда» сақталған әнші, композитор Батырхан Шүкеновпен болған сұхбат тыңдарман назарына ұсынылады. Бағдарлама 2013 жылдың мамыр айында жазылған.

Батырхан Шүкенов 1962 жылы 18 мамырда Қызылордада дүниеге келген.  Мектепте оқып жүрген кезінде Батырхан музыка үйірмесіне қатысқан, ал, мектепті тәмамдаған соң Н.К.Крупская атындағы Ленинград мемлекеттік мәдениет институтына оқуға түседі. Алайда, екі жылдан соң Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға саксафон класына ауысады.

1982 жылы студент кезінде-ақ, Роза Рымбаева ән айтатын «Арай» тобының құрамында саксофоншы ретінде өнер көрсетеді. Сол жылдары джаз бағытындағы композицияларды қатар орындап жүрген «Арай» тобы 1983 жылы Бүкілодақтың фестивальдің лауреаты атанады. Б.Шүкенов виртуоз-альт және тенор-саксафоншы болды. Ал, 1985 жылы консерваторияны аяқтап, ән айту қабілетін таныта бастайды.

Кейін топ жеке кетіп, «Алма-Ата» деген атау алады. Бір жылдан соң өздерінің «Путь без остановок»  атты алғашқы альбомын жарыққа шығарады. Топтың аты «Алма-Ата Студио» болып өзгереді.

1989 жылы әйгілі «Джулия» әні дүниеге келеді. Осы кезде топты Ресей әншісі Алла Пугачева байқап, бірден  «Театр песни»-ге шақырады. Алла Пугачеваның «Рождественские встречи» байқауына қатысқан «А’Студио» тобы бүкіл елге танымал болады.

Батырханның орындауындағы «Белая река», «Стоп, ночь», «Солдат любви», «Эти тёплые летние дни», «Нелюбимая» және т.б. әндері халықтың жүрегінен бірден орын алды. Арада 11 жыл өткен соң, Батырхан Шүкенов топтан шығып, Отанына оралады. Ал, 2002 жылы әнші қазақ тіліндегі алғашқы «Отан Ана» атты альбомын жарыққа шығарады. 2007 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет жөніндегі кеңесшісі, 2009 жылдың 20 қарашасынан бастап Батырхан Шүкенов Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің ерікті елшісі болды. 2010 жылы әнші «Осторожно, милая девушка!», «Всё пройдёт...», 2013 жылы «Душа» атты альбомдарын жарық көрді. Соңғы түсірілген клипі «Мне поможет весна» деп аталады.

Б.Шүкеновтың әндерін http://itube.kaztrk.kz/batyrhan-shukenov/ мына парақшаға кіріп тыңдай аласыз.

Хабарламаларға жазылу