Конкурсты облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ұйымдастырды. Мақсат - Қазақстан мен Ресей эстрадасының жұлдызы, танымал музыкант, әнші-композитор Батырхан Шөкеновтың ән мұраларын, шығармашылығын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау.
«Байқауға республиканың әр түкпірінен 18-30 жас аралығындағы 230 адам қатысуға тілек білдірді. Солардың ішінен 26-сы іріктеліп алынды», - деді басқарма басшысы Ержан Әбдірахманов.
Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Рымбаева бастаған қазылар алқасының құрамында композитор-музыкант Наджиб Вильданов, композитор, дирижер, музыкант Яков Хан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов, әнші Мәдина Сәдуақасова бар.
«Қатысушылар ережеге сәйкес, әнші репертуарынан және еркін тақырыпта бір-бір әннен орындауы тиіс. Бұл жастар үшін үлкен мектеп болары сөзсіз. Жас орындаушылар Батырханның дейгейіне жетуге талпынуы керек», - деді Роза Рымбаева.
Екі күнге созылатын өнер додасының лауреаттары қорытынды Гала-концертте өнер көрсетеді. Айта кетейік, конкурс бұдан былай екі жылда бір рет өткізіледі.