«Тәуелсіздік тағылымы» атты республикалық студент ақындар айтысы мәресіне жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Тәуелсіздік тағылымы» атты республикалық студент ақындар айтысы мәресіне жетті

23.04.2016
«Тәуелсіздік тағылымы» атты республикалық студент ақындар айтысы мәресіне жетті

20 сәуірде Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған республикалық «Тәуелсіздік тағылымы» атты студент ақындар айтысы өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының ұйымдастыруымен өткен бұл додаға еліміздің әр өңірінен 12 ақын қатысты.

Бәйгенің негізгі мақсаты - Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын жырға қосып, бақытты халық  ұрпағының  келешекке деген кемел көзқарастарын таныту, еліміздің жалынды  жастарының Тәуелсіздіктен кейін қол жеткізген жетістіктерін, бағындырған биіктерін, қарышты қадамын  айтыс арқылы жырлау, жас ұрпақты өз Отанын, елін, жерін, ұлттық құндылығын сүюге тәрбиелеу. 

ЮНЕСКО тарапынан белгіленген «Поэзия күнін» айтыс арқылы республикалық деңгейде салтанатты түрде атап өту де осы байқаудың негізгі мақсаттарының қатарын толықтырған болатын.  

Айтыскерлер сайысына Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Жарас Сәрсек, Ә. Қастеев атындағы бейнелеу өнері және техникалық дизайн мектебінің директоры, ҚР Бейнелеу өнері Академиясының корреспондент-мүшесі Ханзада Есенова  және тағы басқа аға буын өкілдері төрелік етті.

Байқау қорытындысы бойынша III орынды Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті филология факультетінің II курс студенті Айдана Қайсарбекқызы иеленсе, доданың II дәрежелі дипломымен Сүлейман Демирель атындағы университеттің VI курс студенті Алтынбек Ибрагимов марапатталды.

Көптің көңілінен шыққан бұл сайыста I орынды қанжығасына байлаған Павлодар қаласы Инновациялық Еуразия университетінің VI  курс студенті Абзал Қабдыраш болса,  қарсыластарынан ерекше басымдықпен алға шығып, осымен екінші рет байқаудың бас жүлдесін иеленген әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің III курс студенті Айтбек Тұрсынбаев өзінің мықтылығын тағы бір дәлелдеді.

Ұлжан ИБРАИМ

Хабарламаларға жазылу