А.Баталов: Қытаймен шекарада жаңа қала салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

А.Баталов: Қытаймен шекарада жаңа қала салынады

18.04.2016
А.Баталов: Қытаймен шекарада жаңа қала салынады

Бұл туралы бүгін «Мемлекет басшысының 5 институттық реформасын жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты барысында Алматы облысы әкімінің орынбасары  Амандық Баталов мәлім етті.

«Біз үшін 65-қадамның маңызы зор, оның аясында Еуразиялық трансконтинентальді дәліз құру жөніндегі жоба жүзеге асырылуда.  Оның Қорғастан Ақтау портына дейінгі екінші бағыты облысымыздың аумағы бойынша өтеді. ҚХР шекарасында Қорғас шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы іске қосылды, 2015 жылдың желтоқсанында «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА» құрғақ портының бірінші кезегі іске қосылды, 47 мың контейнер тасымалданды, ағымдағы жылы 200 мың контейнерді өткізу жоспарлануда»,- деді А.Баталов.

Оның айтуынша, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолының ұзындығы  304 шақырым Алматы-Қорғас учаскесінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап Талдықорған - Өскемен және Үшарал-Достық жолының құрылысы басталады.

«Жолдар құрылысымен бірге логистика дамытылуда, қазір халықаралық стандарттағы алты көлік-логистикалық орталықтары бар.

Іле ауданында 15 мың шаршы метр алаңда тағы бір ірі логистикалық орталықтың құрылысы басталды. Осы шаралардың барлығының нәтижесінде транзиттік тасымалдар төрт  млн. тоннадан 2020 жылға 10 млн. тоннаға дейін артады, Қытаймен шекарада жаңа қала салынады», - деді өңір басшысы.

 

 

ҚазАқпарат

Хабарламаларға жазылу