«Қошқар мен Теке», «Толағай», «Момын мен қарақшылар» атты туындыларымен танымал «САҚ» киностудиясы Қазақстандағы тұңғыш толықметражды тарихи мультфильмді жасап шығарды.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жасалған мультфильмнің трейлері Канн фестиваліне жіберілді.
Студия шығарманы наурыз айында Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, Ресей, Германия, АҚШ, БАӘ елдерінде прокатқа шығармақшы. Қазіргі таңда туынды орыс, неміс және ағылшын тілдеріне аударылып жатыр.
Киностудия фильм жасау барысында 2D және 3D анимация технологияларын қолданған. Бұл Ұлы Қазақ даласының, асқақтаған таулардың, Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан Сығанақ, Отырар, Тараз, Испиджаб сынды көне қалалардың ерекше көркін көрерменге толықтай жеткізуге мүмкіндік берді.
Фильм желісі Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандарға арналған ескерткішті көріп, атасынан олар туралы айтып беруді сұраған екі баладан басталады. Кішкентайлар қазақ халқының Тәуелсіздікке жету үшін қандай қиыншылықтардан өткені туралы естиді.
«Қазақ елі» толықметражды анимациялық фильмдердің үздік дәстүрінде түсірілген. Мұнда фэнтези элементтері, зұлымдық пен жақсылықтың қақтығысы, сатқындық, достық және махаббат тақырыптары қамтылған.
Материал www.yujanka.kz сайтынан аударылған