Бүгін Тараз гарнизонында Қорғаныс министрлігінің көшпелі алқа мәжілісі өтті, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің ресми интернет-ресурсы. Оған ҚР Қорғаныс министрлігі басшылығының өкілдері, департаменттер мен басқармалардың басшылары, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы құрамалары мен бөлімдерінің басшылары қатысты. Көшпелі отырыс практикасы алғаш рет енгізіліп отыр. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында өткізіліп жатқаны да жайдан-жай емес. Өйткені, оңтүстік бағыт стратегиялық бағыттардың бірі. Осыған байланысты, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлеріне Қорғаныс министрлігінің, сондай-ақ, Мемлекет басшысының тарапынан ерекше көңіл бөлінеді.
«Осы жылы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында алғашқы алқа мәжілісін өткізуіміз кездейсоқ емес». Себебі, бұл жауынгерлік, жедел-аумақтық және жұмылдыру жағынан ең ірі құралым ғана емес, сонымен бірге Қарулы Күштері геосаяси ауқымда елді қорғау жөнінде жауынгерлік тапсырмаларды орындайтын маңызды стратегиялық шеп», - деп атап өтті қорғаныс ведомствосының басшысы Иманғали Тасмағамбетов.
Әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеттілігі әскери тәртіп пен құқықтық тәртіптің жай-күйіне тікелей байланысты. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлеріндегі осы тұстағы мәселелер бүгінгі отырыстың негізгі себебі болды. Осыған байланысты, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы құрамалары мен бөлімдерінің әскери тәртібі мен құқықтық тәртібінің жай-күйі туралы мәселе қарауға ұсынылды. «Ұдайы жауынгерлік әзірліктегі барлық бөлімшелер жедел ден қоюдың ұжымдық күштері режімінде әрекет етуі тиіс. Бұл туралы Жоғарғы Бас Қолбасшы Қарулы Күштердің басшылық құрамымен жуырдағы кездесуі барысында ерекше айтты. Бұл факті басшылықтың Жоғарғы Бас Қолбасшының талаптарына сай келуді ғана емес, жауынгерлік қабілеттіліктің жоғары дәрежесінде болуға міндеттейді», - деп ерекше атап өтті Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов.