Жуырда жас орындаушылардың «Новая волна» дәстүрлі халықаралық байқауынан қазақстандық әнші Әдемінің екінші орын алып келгені баршаға аян. 2002 жылдан бері бұл байқауда жүлделі орын алу Қазақстанға бұйырмай келген еді.
Биыл әдеттегідей Юрмалада емес, Сочиде өткен жарыста отандастарымыздың мәртебесі көтерілді. Екінші орынмен қатар, «Көрермен көзайымы» аталымын да иеленген әнші «Таңшолпанға» сұхбат берді.
«Новая волна» бала кезімнен арманым болатын. 14-15 жасымнан қызығатынмын. Бірде байқау менің туған күніме сәйкес келді. Сол кезде анама «18-ге толғанда байқауға қатысып көремін», деп уәде бердім. Бірақ, ата-анам мұны баланың сандырағы деп қабылдаған еді.
Мен жеңіске жетуге ұзақ жол жүрдім. Үшінші рет әрекеттеніп барып, қол жеткіздім. Алғаш рет «Индиго» тобының құрамында жүргенде қатыспақ болдық. Бірақ, финалға өтпедік. Өткен жылы жалғыз қатыстым, тағы финалға жете алмадым. Биыл қалайда жетемін, деп бекіндім»,-дейді әнші.
Байқауда Батырхан Шүкенов туралы ән айтқан әнші: «Негізі байқаудың үшінші күні хиттер сайысы болатын. Көпшілік, тіпті осы әнді жазған Ринат Гайсиннің өзі конкурсқа мұндай шығармамен қатысудың үлкен тәуекел екенін айтты. Ол хит емес, шын жүрекпен айтылатын ән. Бұл әнмен кез келген концертке қатыса алмайсың.
Гайсин сондықтан да, алғашқы күндері жоғары балл алғаныммен, үшінші күні құлдырау болуы мүмкін екенін айтты. Қатысушылардың көбі жылдам жатталатын әндерді орындады. Ал, бұл мазмұны мен эмоциясы жағынан күрделі ән. Бірақ, маған өзімді руһани қанағаттандыру маңызды болды»,-дейді.
Әншінің отбасы, Ademi деген сахналық есімінің тарихы, шығармашылық жаңалықтары туралы «Таңшолпаннан» біле аласыздар.