Павлодар облысы Шарбақты ауданында жаңа мешіт бой көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысы Шарбақты ауданында жаңа мешіт бой көтерді

26.10.2015
Павлодар облысы Шарбақты ауданында жаңа мешіт бой көтерді

Шарбақты ауданының 100 жылдық тарихы бар Александровка ауылында алғаш рет дін мен дәстүрдің озық үлгісі болған, сәулеті келісті ғибадат үйі үш ай ішінде бой көтерді. Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп мешітінің баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбайұлы хабарлады. «Шәпи» атындағы жаңа мешітті салуға ел азаматы, кәсіпкерлер Әрбиевтер әулеті мұрындық болған. Мешіттің ашылу рәсіміне ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, облыс әкімі Қанат Бозымбаев, облыс өкіл имамы Нариман Исенов қатысты. Алдымен облыстың өкіл имамы Құран оқыды.

«Жаңадан ашылған Алла үйінің ынтымақ пен рухани достыққа шақыратын орынға, имандылық жолындағы рухани білім ошағына айналуына тілекшіміз.

Тәуелсіздік алған жылдары Павлодар облысында төрт мешіт қана болса, қазіргі таңда олардың саны 100-ге жақындап қалды», - деп аймақ басшысы Қанат Бозымбаев халықты көптен күткен қуанышымен құттықтады.

«Жаңа мешіт имандылықтың темірқазығына айналсын!», – деп тілек білдірген Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жаңа мешіттің имамы болып тағайындалған «Нұр Мүбәрак» университетінің түлегі Қаламхантегі Серік Амангелдіұлына қасиетті Құран кітабын табыс етті.

«Мешіт салу - Алланың тарпынан берілген үлкен сый. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Алла үйін тұрғызған адам үшін жәннатта сарай салынатынын өсиет етіп, сүйіншілегенін жеткізді. Жаңадан соғылып, пайдалануға берілген мешітке жамағат болып намазға келушілердің қатары көбейіп, асқақ дініміз исламның мәртебесі өсе берсін!», - деді Бас мүфти.
 

Хабарламаларға жазылу