Павлодар облысы Шарбақты ауданында мектеп жанып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысы Шарбақты ауданында мектеп жанып кетті

20.10.2015
Павлодар облысы Шарбақты ауданында мектеп жанып кетті

Бүгін Шарбақты ауданы Алексеевка ауылдық округіне қарасты Николаевка орта мектебі тұтастай жанып кетті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Әлібек Длимовтың мәліметінше, білім беру ошағында өрт бүгін таңғы сағат 05.00 шамасында орын алған.

«Саман мектеп 1967 жылдан бері жұмыс істеп келген. Қазіргі таңда ғимараттың қабырғалары ғана қалды. Әзірге оқыс оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында арнайы зертхана автокөлігі жұмыс істеп жатыр. Нақты себебі 10 күннің ішінде белгілі болмақ. Айта кетерлігі, бұл жағдай білім беру үрдісіне кері әсерін тигізген жоқ. Бүгінде оқушылар Алексеевка орта мектебінде оқып жатыр. Таңертеңгі сағат 09.30-да өрт толық өшірілді», - дейді Ә. Длимов.

Шарбақты аудандық білім беру бөлімінің басшысы Баян Омарованың айтуынша, бүгінде 100 орынға шақталған мектепте 6 бала білім алады. 5 мұғалім мен 8 жұмыскер еңбек етеді. Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев орын алған жағдайға орай өңірдегі білім беру басқармасының басшыcы Бақыт Бексейітоваға Николаевка мектебінің мұғалімдерін тез арада жұмыспен қамтамасыз етуге тапсырма берді.

Хабарламаларға жазылу