Алматы облысындағы Ақсу ауылында жаңа мешіт бой көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы Ақсу ауылында жаңа мешіт бой көтерді

28.07.2014
Алматы облысындағы Ақсу ауылында жаңа мешіт бой көтерді

Алматы облысындағы Ақсу ауылының тұрғындары Рамазан айының соңғы күндерін қос қуанышпен қарсы алды. Ауылда әсем көркімен көз тартар еңселі мешіт бой көтерді,  жаңа спорт кешенінің іргетасы қаланды. 

Алматы облысындағы Ақсу ауылы - ежелгі қоныс. 2300 тұрғыны бар ауылда  мешіттің болмауы Ақсу өңіріндегі мұсылмандардың көңілінде тұрған кірбің еді. Енді, міне, екі жыл бойы құрылысы тоқтаусыз жүргізілген жаңа мешітке 100 адам емін-еркін сыяды.

Бекетай Біркеленов, ауыл әкімі:

Осыдан екі жыл бұрын жерлесіміз Қажымұқан Қасымұлы ағамыз осы бастаманы көтерген еді. Бүгін мешітті бітіріп,  рәсімдеу құжаттарын тапсырдық. «Туған жерге туыңды тік!» акциясы бойынша спорт кешенінің іргетасы қаланды.    

Ауыл ортасындағы мешіттің тұсына спорт кешенінің іргетасы қаланды. Бұл қайта жандана бастаған Ақсу ауылы үшін үлкен жаңалық болды.

Енді спорт кешенінде күрес пен боксқа арналған жабық залдар, жүгіру жолдары және бірнеше алаң орналасады. Ауыл халқы келешекте қазақ спортын әлемге танытар тұлғалар  құрылысы басталған көпсалалы осы кешеннен түлеп ұшса, деген ниеттерін жеткізді.

Алмасхан Сауытбаев, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі:

Бұл жерден көптеген ғалымдар, ақындар шыққан. Ілияс Жансүгіров ағамыздың мекені. Бұл жерден шыққан спортшылар да өте көп. Мәселен, Әбілсейіт Айқанов. Осы жердегі спорт кешенінде Олимпиада чемпиондарын, Әлем чемпиондарын тәрбиелеп шығарамыз.

Ақсудағы қос қуаныштың құрметіне аудан орталығы Ілияс Жансүгіров ауылында танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен концерт қойылды.

Халықтың көңілін серпілткен концерт ақсулықтар үшін ерекше сый болды. 

Дәурен ДАРИЯБЕК

Хабарламаларға жазылу