Бүлдіршіндердің бойына ана тілінің қадір-қасиетін сіңіріп, ұлттық құндылықтарды насихаттауды міндеті санаған тұңғыш отандық «Балапан» телеарнасына 5 жыл толды.
Телеарна «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамында 2010 жылдың 27 қыркүйегінде ашылды.
3-12 жас аралығындағы балаларға арналған арна 2012 жылдың 1 қазанынан HD форматта хабар тарата бастады. Бұл бағдарламалардың сапасын арттыруға ықпал жасады. Бүгінде телеарна 14 сағат бойы кабельдік, спутниктік жүйемен эфирге шығуда.
Телеарна интеллектуалды, спорттық-танымдық бағдарламалардан бөлек, бүлдіршіндерге «Батырлар», «Ерден атаның әңгімелері» атты анимациялық мультфильмдерін, «Томпақ», «Санжар мен Қайсар» атты балалар телехикаяларын ұсынды.
Сондай-ақ, телеарна жыл сайын «Айгөлек» байқауын ұйымдастырып, «Аялаған Астана» республикалық балалар байқауын тікелей эфирде көрсетті. Балалар арасындағы «Алтын құлын» халықаралық жыр додасын өткізді.
Жаңа маусымда «Достық даңғылы», «Сиқырлы кітаптар» мультхикаялары мен «Шытырман», «ABC+» атты бағдарламаларды көрермен назарына ұсынды. Сондай-ақ, «Балапан және оның достары», «Ән салайық!», «Жануарлар әлемі» хабарлары жаңаша нұсқада эфирге шығуда.
«Балапан» телеарнасы бесжылдық мерейтойы қарсаңында кішкентай көрермендер арасында «Менің сүйікті ойыншығым» байқауын, ата-аналарға арналған ертегі сайысын ұйымдастырды.
Ал, мерекелік шара 25 қыркүйек күні Астанадаға «Қазмедиа» орталығында өтті.