ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтады. Елбасы құттықтауын бүгін «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік хатшысы - ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова оқып берді.
«Қымбатты қазақстандықтар, құрметті салтанатты жиынға қатысушылар! Баршаңызды менің Жарлығыма сәйкес қыркүйек айының 2-ші жексенбісінде аталып өтілетін Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын. «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының мәресі осы айтулы күнге орайластырылған.
Әрбір шаңырақтағы береке түптеп келгенде тұтас елдің берекесі. Адамға еңбекқорлық, отансүйгіштік, жасампаздық пен мейірімділік сияқты асыл қасиеттер отбасы арқы дариды. Менің бастамаммен қолға алынған «Мерейлі отбасы» конкурсы қысқа мерзім ішінде жалпыхалықтық байқауға айналғанын ризашылықпен атап өтемін.
Былтырғы жылға қарағанда биылғы жылы байқауға көп балалы отбасылар екі есе, жас отбасылар 1,5 есе көп қатысты. Сондай-ақ, конкурсқа жалпы қатысушылардың 80 пайызға жуығы ауыл тұрғындары. Олардың арасында әртүрлі мамандық иелері, ата кәсібін ұрпақтан-ұрпаққа мирас еткен еңбек әулеттері бар. Барлығы да құрмет пен мадаққа лайық.
Бүгінгі мерейлі күнде әрбір қазақстандық отбасына қажырлы еңбек, тағлымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын лайықты жалғастырып келе жатқаны үшін зор ризашылығымды білдіремін. Берік отбасылық құндылықтар арқылы ғана мемлекеттің іргесі мығым, ғұмыры мәңгі болады. Баршаңызға зор денсаулық, береке-бірлік, жақсылық тілеймін! Шаңырақтарыңызға махаббат пен татулық салтанат құрсын!», - делінген ҚР Президентінің құттықтауында.