Бүгін «Оңтүстік» ақпарат орталығында «Көліктік-логистикалық аймағы» басқарушы компаниясы» ЖШС-нің бас директоры С.Абдуллаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен арнайы брифинг өткізіп, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Мемлекет басшысының макроаймақтарды қалыптастыру шеңберінде көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыс әкімдігімен көліктік-логистикалық орталық салуға 92 га жер телімі бөлінген.
Оның 20 га. инфрақұрылымды салуға бағытталса, 72 га. 8 инвестициялық жобаның құрылысы қолға алынды, делінген Оңтүстік Қазақстан облыстық кәмдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерде.
Бөлінген жер телімі Шымкент қаласының халықаралық әуежайынан 2 шақырым, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолынан 4 шақырым және ТрансАзиялық темір жол магистралінен 500 метр қашықтықта орналасқан.
Көліктік-логистикалық орталық аумағында мұздатқыш камералардан, көкөніс қоймаларынан және құрғақ қоймалардан тұратын жалпы ауданы 230 мың м2 «А» және «В» санатты қоймалары салынуда. Сонымен қатар, орталық аумағында контейнерлік алаңша, кедендік терминалдар, дистрибуциялық орталық, техникалық қызмет көрсету орталықтары, кеңсе ғимараттары, тамақтану орындары және қонақүй қарастырылған.