Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Бурабай ауданына барған сапары кезінде жылыту маусымына дайындық шараларымен және 75 пәтерлі екі үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды i-news.kz. Баспана мәселесіне баса назар аударған әкім құрылыстың сапасы мен нысандардың пайдалануға ұсынылар мерзіміне мән берді.
Жас отбасыларға арналған үйлер мен ипотекалық үйлер осы жылдың қараша айында пайдалануға берілмек. Бірінші үйдің құны - 397,1 миллион теңге, екіншісінікі - 397,1 миллион теңге.
Жас отбасыларға арналған үйдің бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейін кірпіш салынып, баспалдақтар орнатылған. Сондай-ақ, үйдің ішкі жұмыстары – су құбыры, электр жүйесі және жылыту жүйесі орнатылып бітті. Ал, ипотекалық үйдің екінші, үшінші қабаттарының қабырғалары орнатылған.
Жергілікті қазандықтарды аралаған аймақ басшысы жылыту маусымына дайындық шараларына оң баға берді.
Айта кету керек, облыстық бюджеттен Щучинск қаласы мен Зеленый Бор ауылындағы шаруашылық мекемелерінің жөндеу жұмыстарына 300 миллион теңге бөлінген.