Жаңа интеллектуалды бағдарламаның басқа зияткерлік сайыстардан негізгі айырмашылығы – оның отбасыларды қамтуында. Шоудың қатысушылары тек білімді ғана емес, сонымен қатар, көңілді, тапқыр, тату да талантты жандар екенін дәлелдеп беруі тиіс. Көрермен сүйікті командаларының бір айналымнан екінші айналымға сүрінбей өтуіне тілектес болып, олардың жанкүйеріне айналады.
Интеллектуалды шоу 5 кезеңнен тұрады. Ойында капитандардан басқа жанұя отағасы - «от басы» сайланады. Әр кезең барысында командалар мен от басыларға ұпай жинау үшін жалпы дүниетаным, Қазақстан тарихы, салт-дәстүрлер мен мәдениетке байланысты сұрақтар қойылады.
Сондай-ақ, қатысушыларға көрермендерден бейнесұрақтар да ұсынылады. Соңғы кезең ең шешуші – капитандар «шайқасы». Бұл кезеңде ұпайы төмен команда тапқырлығы мен зеректігі арқасында ұпай санын теңестіріп, тіпті, алға да озып кетуге мүмкіндік алады.
11 сәуір күні сағат 13.30-да «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында білгірлер мен тапқырларға арналған «Білгірлер бәйгесі» шоуының алғашқы саны эфирге шығады. Ұлттық арнамен бірге көріңіз!